Әр балаға 70 мың теңге жәрдемақы берілуі тиіс

Елімізде 500 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Сонымен қатар жарты миллионға жуық толық емес отбасында бала тәрбиелеп отырған және ерекше қажеттіліктері бар балаларды асырап отырған аналар бар. Ал олардың мәселесі шаш етектен. Бұл туралы Алматыдағы «Бақытты отбасы» көпбалалы аналар орталығында айтылды.

Абзал аналармен Қазақстан Халық партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Гаухар Танашева және Нұрсұлтан Шоқанов кездесті.

Кездесу барысында спикерлер партияның «Ел үшін! Жер үшін! Билік – халыққа!» атты сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Басқосу барысында көпбалалы аналар мәселесі талқыланып, Халық партиясы нақты шешімін ұсынды. – Мен көпбалалы анамын. «Қазақстан аналары бірлестігі» қорының жетекшісімін. 12 жыл бойы аналар мен жетім балаларды қолдап келемін» – деп бастады әңгімесін Г.Танашева. – «Қазақстан аналары бірлестігі» 5 жыл ішінде келелі мәселелерді көтерді. Әйткенмен, нақты шешімі табылмай отыр. Ал Халық партиясы бізді қолдап, сайлауалды бағдарламасына көбалалы аналар мәселесін қосты.

Кейіннен Халық партиясы бағдарламасында айтылған аналар мәселесін кеңінен талдап берді.

– Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмектің орнына жәрдемақы көлемін арттырып, әр балаға 70 000 теңге төлеуді ұсынып отырмыз. Қазір бұл көрсеткіш небәрі 13 826 теңге. Екіншіден, көпбалалы жалдамалы пәтерде жүрген отбасыларға тегін баспана беру тетігін қалыптастыру қажет, – деді. Ал үйсіз-күйсіз жүрген отбасыларды да ұмытуға болмайтынын айтты. Оларға бастапқы жарнасыз жылдық мөлшерлеме 2-5 пайызбен жеңілдетілген ипотека беруді ұсынып отыр Халық партиясы.

«Көпбалалы аналардың зейнет жасына да қатысты дау көп. Тіпті, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналардың зейнеткерлік жасын 55-ке дейін қысқарту, сондай-ақ ерекше қамқорлықты қажет ететін баланы бағып-күтуге жұмсалған жылдарды еңбек өтіліне қосу әділетті қадам болады» – деді Г.Танашева.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Шоқанов «Көпбалалы ана» мәртебесін өмір бойы сақтауды сөз етті.

– Заңнаманың тағы бір осал тұсы – үйдің үлкені кәмелетке толғаннан кейін аналар көпбалалы мәртебесінен айырылады. Сондықтан біз балалардың жасына қарамастан төрт немесе одан да көп перзентті дүниеге әкелген немесе асырап алған аналар үшін өмір бойы «Көпбалалы ана» мәртебесін сақтауды ұсынамыз, – деді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy