ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде Қазақстан Республикасының Президенті атанды. Астанада Тәуелсіздік сарайында Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Шара барысында Мемлекет басшысы өзінің өкілеттігін куәландыратын құжат алып, халыққа адал қызмет етуге ант берді.

Ұлықтау рәсіміне Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Халық партиясының өкілдері: орталық аппарат қызметкерлері мен ҚХП облыстық филиалдарының басшылары болды.

Барлық тиісті рәсімдерден кейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарына қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді.

– Қазақстан өз дамуының жаңа дәуіріне аяқ басты, – деді ол. – Біз бастама жасаған ауқымды өзгерістер республикадағы түбегейлі өзгерістерге негіз болды.

Оның айтуынша, халықтың белсенді қатысуымен конституциялық реформа жүзеге асырылды, болашақта биліктің барлық тармақтарын түбегейлі жаңару күтіп тұр.

– Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер жауапты сәтте бірігуге дайын екендерін көрсетті, – деп атап өтті Тоқаев. – Мені Президенттікке кандидат етіп ұсынған Халықтық коалиция мүшелеріне алғыс айтамын.

Коалицияны қоғамдық бірлестіктер тобы мен үш парламенттік партия құрды. Коалиция құрамындағы ҚХП Мемлекет басшысын Президенттікке кандидат ретінде алғашқылардың бірі болып ұсынды.

– Барлық мәселелер, әсіресе проблемалық және даулы мәселелер тек сындарлы диалог арқылы, ең алдымен Парламенттегі пікірталас арқылы шешілуі тиіс, – деді ҚР Президенті. – Сенат пен Мәжіліске алдағы сайлау осындай мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы бірқатар Жарлықтарға қол қоюға уәде берді. Атап айтқанда: ауылды дамыту тұжырымдамасы, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару және Сенат депутаттарын сайлауды тағайындау.

Мәжіліс пен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы бұған дейін Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған болатын. Халық партиясы сайлауға белсенді қатысуға ниет білдіріп отыр.

Ұлықтау рәсімінің соңында ҚХП өкілдері өз әсерлерімен бөлісті.

– Бұл шынымен тарихи сәт, – деп атап өтті ҚХП ОА ұйымдастыру бөлімінің басшысы Анар Дүкенбаева. – Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Халықтық Коалиция құрамында ұсынғанымыз және оның сенімді әрі лайықты жеңіске жетуі мақтаныш сезімін туғызады.

А.Дүкенбаеваның айтуынша, ұлықтау рәсімі жоғары дәрежеде өтті.

– Оқиға біздің көз алдымызда болып жатыр. Залда отырғандардың барлығы – біздің әріптестеріміз, партияластарымыз және басқа қатысушылар рухани өрлеуді сезінді деп ойлаймын. Еліміз, қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі – Президентіміз үшін кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Әрқайсымыз өзімізден бастасақ, біз Жаңа, Әділетті Қазақстан құратынымызға сенемін.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy