
Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов Мәжілістің пленарлық отырысында Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты мәселе көтерді.
Мәжілісмен өткен жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша тестілеуде 210 мыңнан астам талапкер бақ сынағанына және олардың шамамен 160 мыңы ғана (70%) шекті баллды еңсере алғанына қатысты статистикалық деректі алға тартты. Орташа нәтиже мүмкін болған 140 баллдан 69-ды құрады. Түлектердің шамамен 24%-ы ең төменгі шекті деңгейге жете алмады. Сонымен қатар 711 заң бұзушылық тіркеліп, салдарынан тестілеуге қатысқан бірқатар талапкердің нәтижесі жойылды.
– Бұл көрсеткіштер түлектерді даярлау жүйесінде және мектептердегі білім беру сапасында күрделі мәселелердің бар екенін көрсетеді, – деді Магеррам Магеррамов.
Мектептерде сапалы дайындықтың болмауының салдарынан ата-аналар жеке репетиторлар мен коммерциялық білім беру орталықтарының қызметіне жүгінуге мәжбүр. Бұл ата-аналарға қосымша қаржылық жүктеме артады. Қосымша сабаққа ақы төлеуге мүмкіндігі жоқ аз қамтылған және көпбалалы отбасылар «тасада» қалады.
– Салдарынан әртүрлі әлеуметтік топтардан шыққан балалар әу бастан тең емес жағдайға тап болады, бұл білімге тең қолжетімділік қағидатына қайшы, – деп атап өтті М. Магеррамов. – Бұл мемлекеттік білім беру жүйесіне деген сенімді әлсіретіп, мыңдаған түлектің болашағына кері әсер етеді.
ҚХП парламенттік фракциясы мемлекет қазақстандық мектептердің барлық түлектері үшін ҰБТ-ға дайындалу барысында мектеп жүйесінің аясында тең әрі әділ жағдай жасау жауапкершілігін өз мойнына алуы тиіс деп санайды. Депутаттар Үкіметке түлектердің мемлекеттік емтихандағы көрсеткіштерін ҰБТ нәтижесімен салыстырмалы түрде талдап, олардың арасындағы айырмашылықтың себебін анықтауды ұсынды. Сондай-ақ интерактивті тренажерлармен, тест симуляторларымен, тапсырмаларды талдаумен және виртуалды тәлімгерге (тьюторға) сұрақ қою мүмкіндігімен ҰБТ-ға дайындалу үшін ресми мемлекеттік онлайн білім беру порталын іске қосу бастамасын көтерді. Ал мектеп бағдарламаларын түзету үшін жыл сайын ҰБТ нәтижесі бойынша аймақтарды, мектеп түрлері бойынша бөліністі және анықталған типтік қателерді көрсетіп, талдамалық есеп жариялау қажет екеніне назар аударды.
@halyk_partiyasy