Креативті индустрияны қолдау

dep.jpg

Қазақстанда креативті индустрияны қолдау тетіктері күшейтіледі. Осы бағыттағы заң жобасын Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат шығармашылық салаларда еңбек ететін мамандардың құқығын қорғау нормаларын қамтиды және бірқатар жаңа ұғымдар мен терминдер енгізіледі.

Бүгінде елде креативті индустрия саласында шамамен 143 мың адам жұмыс істейді. Жаңа нормаларға сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігіне креативті сектор жобаларына тартылатын жеке инвестицияларды бақылау мен бағалау және креативті индустрия субъектілерінің бірыңғай реестрін қалыптастыру міндеті жүктеледі. Ал әкімдіктер шығармашылық адамдардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасауға, таланттардың қанатын ұштап, осы саладағы жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және еңбек тиімділігін арттыруға жауапты болады.

ҚХП депутаты Ирина Смирнова қоғамда креативті индустрия қызметкерлерінің құқығын қорғау – уақыт талабы екенін атап өтті.

– Креативті индустрия қызметкерлерінің қандай құқығы болады және олардың сақталуын тәжірибе жүзінде қалай қамтамасыз етесіздер? – деп сұрады депутат.

Заң жобасының авторларының бірі, депутат Ерлан Стамбековтың айтуынша, құжатта «креативті индустрия қызметкері» деген жаңа ұғым енгізіледі.

– Біз еңбек қатынастарына қатысты мәселелерде қолданыстағы заңнама шеңберінен шықпадық. Сондықтан заңда ерекше ережелер қарастырылмаған, – деді ол.

Сонымен қатар, заңнамаға алғаш рет «суретші» ұғымы ресми түрде енгізілмек.

– Біздің жоғары оқу орындары мен колледждерде «суретші» мамандығы бойынша кадрлар даярланады. Алайда, өкінішке қарай, олар өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, басқа салаға кетуге мәжбүр болды. Енді осы олқылықтың орнын толтырып отырмыз. Суретшілер креативті секторды дамыту процесінің толыққанды қатысушысына айналады, – деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy