15 наурызға дейін небәрі 10 күн қалды. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы бұл уақытты барынша тиімді пайдаланып, жаңа Конституция жобасының мәні мен мазмұнын халыққа түсіндіруді мақсат етіп отыр. Қазақстан Халық партиясының өкілдері сайлаушылармен жүргізілетін жұмысқа белсенді қатысуда.
Ұлытау облысындағы ҚХП филиалының партия мүшелері Жезқазған қаласындағы №26 мектеп-гимназиясының ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер мен басым бағыттар жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе білім беру саласына қатысты нормалар, педагог мәртебесін нығайту, оқушылардың құқықтарын қорғау және сапалы білімнің қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.


– Кездесу соңында педагогтер алдағы референдумға белсенді қатысуға уәде берді, – деп атап өтті ҚХП белсенділері.
Жетісу облысында коалиция штабының өкілі әрі партия мүшесі Олжас Ибраимов облыстық және аудандық штабтардың коалиция өкілдерімен бірлесіп, Панфилов ауданындағы Қонырөлең ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Мұнда әділетті қоғам қалыптастыру, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Парламент пен жергілікті өкілді органдардың рөлін арттыру, мемлекеттік институттардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейту туралы айтылды.


– Ауыл тұрғындары айтарлықтай белсенділік танытты, – деп атап өтті іс-шара қорытындысы бойынша Олжас Ибраимов. – Оларды ауыл инфрақұрылымын жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын құру және жастар саясаты мәселелері қызықтырды.
Атырау облысында ҚХП өкілдері коалициядағы әріптестерімен бірге Махамбет ауданына барды. Мұнда олар жергілікті тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және кәсіпкерлермен пікірталастар өткізді. Сарытоғай ауылындағы кездесуде жер мен табиғи ресурстардың иелігі, экологияны қорғау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері талқыланды. Аудандық ауруханада медицина қызметкерлерімен өткен кездесуде Конституция жобасын талқылау барысында әлеуметтік кепілдіктерді арттыру және медицинаның қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Ал «Нарын» бизнес-орталығының кәсіпкерлерін экономикалық еркіндік, адал бәсекелестік және шағын бизнесті қолдау мәселелеріне қатысты нормалар қызықтырды.
– Жаңа Конституция жобасында әділеттілік пен заң үстемдігін нығайтуға басымдық берілгені атап өтілді, – деп қорытындылады партия өкілдері.
@halyk_partiyasy