
Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы Конституциялық реформаны түсіндіру үшін өңірлердегі сайлаушылармен кездескен депутаттарының жұмыс сапарын қорытындылап, отырыс ұйымдастырды. 16-21 ақпан аралығында мәжілісмендер 13 елді мекенде 2 мыңнан астам адамның қатысуымен 42 іс-шара өткізді.
ҚХП ақпараттық-түсіндіру жұмысын «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы аясында атқарды.
Фракция депутаттарының атап өтуінше, жаңа Конституция жобасын түсіндіру халық тарапынан үлкен қолдау тапты. Парламентшілер азаматтардың құжатты талқылауға белсенді қатысқанын тілге тиек етті. Халықпен, еңбек ұжымдарымен өткен кездесулерде сұрақ қойылып, пікірталас өрбіді.
– Азаматтар жаңа Конституция жобасын жалпыұлттық референдумға шығару туралы шешімнің маңыздылығы мен дұрыстығын түсініп отыр, – деп түйіндеді Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов – Олар 2026 жылғы 15 наурызда өтетін дауыс беруге белсенді қатысуға дайын.
@halyk_partiyasy