Мүгедек баласы бар ата-аналар білім грантын өтеуден босатылады

dep.jpg

Мүгедек балалары бар ата-аналарды білім беру грантын өтеуден босату көзделген заң жобасы алдағы күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына ұсынылады. Бұл бастаманы Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы бірнеше жыл бойы көтеріп келген еді.

Құжатқа сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын және I топтағы мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған (немесе күтім жасаған) жоғары оқу орнының түлектерін грантты міндетті өтеуден босату ұсынылды. Бұған дейін де ҚХП депутаттары осындай ұсынысты бірнеше мәрте көтерген болатын.

– Баласы ауыр дертке шалдыққан ата-ана үшін грантты өтеу мүмкін болмай жатады. Өйткені мұндай балаларға үздіксіз күтім мен назар қажет. Арасында баласын жалғыз өзі бағып отырған ата-аналар да бар. Ал грантты өтемегені үшін оларға миллиондаған теңге айыппұл салынуда, - деді Магеррамов.

Партия өкілдері грантты өтеуді алып тастау мүгедектігі бар адамдарды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатқа толық сай келетінін атап өтті. Мәжіліс депутаттары бұл мәселе бойынша бірнеше рет депутаттық сұрау да жолдаған.

– Үкімет жариялап отырған қолдау тетіктері іс жүзінде жұмыс істемейді. Өкінішке қарай, Үкіметтің өзі де мұндай азаматтарға қатысты енжарлық танытып отыр, – деген еді фракция жетекшісі.

Алдыңғы ұсыныстарға Үкімет жауап қатпаған болатын. Енді бұл түзетулер заңнама деңгейінде бекітілмек.

– Бұл өте әділ әрі қажет норма. Ешкім өзін мүгедек бала туамын деп ойламайды. Мұндай отбасыларға көмектесу – мемлекеттің міндеті. Оларды проблемасымен жалғыз қалдыруға болмайды. Бұл ізгі өзгерістер қоғам тарапынан қолдау табады деп сенемін, - деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy