Нақты секторға – нақты мүмкіндік!

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың нақты секторын дамытуды басым бағыттардың бірі деп нақтылады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент жаңа инвестициялар ең алдымен заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

Әрине, бұл салада Қазақстанның белгілі жетістіктері бар. Атап айтқанда, өткен жылы өңдеу өнеркәсібі 6,4% деңгейінде тұрақты өсім көрсетті. Алайда өңделген тауар экспортының 2,7%-ға төмендегені тіркелді, бұл жағдай жалпы экспорттың 4,2%-ға қысқаруы аясында орын алды. Дәл осы нәтиже өнеркәсіпте шикізат өндірушілердің басым екенін көрсетеді.

– Бұл ретте металлургия экспортының жартысынан астамы өңдеу сапасы төмен бұйымдарға тиесілі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Біз бастапқы қайта өңдеу өнімдерін экспорттауды және жоғары өңделген тауарларды импорттауды жалғастырып отырмыз. Парадокс. Бұл тәжірибе жойылуы тиіс.

Бұған дейін Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы салалық министрліктер мен сарапшылардың қатысуымен қайта өңдеу өнеркәсібі мәселелері тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Оның қорытындысы бойынша отандық жоғары өңделген өнімдерді өндіру мен экспорттауды шикізат экспорттаудан гөрі коммерциялық тұрғыдан тиімді ету бойынша ұсыныс жасалды.

– Дұрыс индустриялық саясат жүргізілген жағдайда өндіруші сектор машина жасау, технологиялық компоненттер мен құрылыс материалдарын өндірудің, сервистік және логистикалық қызметтердің дамуына қозғаушы күш бола алады, – деді осы тақырып бойынша депутаттық сауал жолдағанда ҚХП депутаты Асылбек Нұралин. – Сонымен қатар мұндай даму бағыты табиғи ресурстарды пайдаланудан түсетін табысты неғұрлым әділ бөлуге мүмкіндік береді.

1

ҚХП фракциясы шикізат түріндегі тауарлардың қолданыстағы экспорттық келісімшарттарға және олардың ішкі өңдеудің даму әсеріне жан-жақты талдау жүргізуге бастамашы болды. Сондай-ақ отандық қайта өңдеу кәсіпорындарына басымдық беріп, экономикалық негізде қамтамасыз ету үшін шикізат ресурстарын бірыңғай электрондық биржа арқылы бөлудің ашық тетігін әзірлеуді және нысаналы индикаторлары, қаржылық құралдары, қолдау шаралары мен ведомствоаралық үйлестірудің тиімді механизмі бар қайта өңдеу өнеркәсібін дамытудың кешенді бағдарламасын дайындауды ұсынды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy