Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті агроөнеркәсіп кешеніндегі ішкі және сыртқы сауданы реттеу тақырыбында отырыс өткізді. Іс-шараға депутаттар, құзырлы министрліктердің мамандары, сондай-ақ салалық қауымдастық өкілдері қатысты.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына нарықтық емес шектеу енгізуді сынға алды. Мұндай шаралар, әдетте, ішкі нарықты тұрақтандыру үшін қабылданады, алайда олар отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге айтарлықтай зиян келтіреді. Сонымен қатар фермерлерге жоғары кедендік баж салығы мен сауда желілерінің шамадан тыс «тәбеті» де соққы болып тиеді.
Талқылау барысында сала өкілдері отандық ауыл шаруашылығы өнімдері саудасын реттеудің қолданыстағы жүйесі тиімсіз екенін атап өтті. Олардың пікірінше, 2020 жылдан бері қолданылып келе жатқан экспортқа салынған тыйым мен шектеу нақты нәтиже бермей, келісімшарттық міндеттемелердің бұзылуына, қаржылық шығындарға және өнімнің дер кезінде өткізілмеуінің салдарынан бүлінуіне әкелген. Сондай-ақ қабылданған шаралардың нәтижесінің төмен болуына ел аумағындағы нақты өнім көлемі мен оның қозғалысын қадағалау бойынша сенімді деректің жоқтығы себеп болып отырғаны айтылды.

– Бүгінде азық-түлік импортына тәуелділік мәселесі өзекті болып тұр, бұл бағаның өсуіне әкеледі, – деді іс-шарада Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат, Комитет өкілі Ислам Сұңқар. – Атқарушы биліктің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тікелей реттеуі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына нарықтық емес шектеу енгізу сияқты әкімшілік шаралар сынға алынды.
Комитеттің ұстанымы – отандық тауар өндірушілерді қорғау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықтың мүддесін сақтау және азық-түлік импортына тәуелділікті азайту арасында теңгерім табу. Сонымен қатар өндірушілер үшін бәсекеге қабілетті, ал тұтынушылар үшін қолайлы бағаны сақтау аса маңызды.
– Депутаттар сауда қызметі туралы заңнамаға өзгеріс енгізуді ұсынды, – деді И. Сұңқар. – Соған сәйкес, Қазақстаннан тауар экспорттауға шектеу енгізбес бұрын уәкілетті мемлекеттік орган Парламенттің бейінді комитетімен талқылау жүргізуі тиіс. Сондай-ақ біз отандық тауар өндірушілерді ынталандыру, сауда желілеріндегі ретро-бонустарды қайта қарау және мемлекеттік сатып алуларда отандық өндірушілерге басымдық беру қажеттігі туралы айттық.
Мәжіліс депутаттары Үкіметке тиісті ұсынымдар жолдайды.
@halyk_partiyasy