Жаңа Қазақстан Ескі Қазақстанның жаман әдеттерінен арылуы тиіс. Халық партиясының депутаттары осылай деп санайды.
Қоғам өзгеріске бет бұрмаса, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйе мен реформаны жаңғырту бастамасы нәтижесіз аяқталуы мүмкін.
– Әділетті Қазақстан құрудың маңызды жолының бірі – әділ сайлау, – деп атап өтті ҚХП депутаты Ирина Смирнова. – Халық сенетін лайықты адамдар ғана әкім, депутат болуы керек.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ауыл әкімдерінің сайлауын өткізуге қауіп төніп тұр. Әділ сайлау өткізуге аудандық, тіпті облыстық деңгейдегі бұрынғы әкімдер кедергі келтіруде. Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылдық округі әкімінің сайлауында бюллетеньдердің жойылғаны туралы хабарламаның таралуы әкім сайлауындағы қылмыстық құрамға мысал болды.
Сайлаушылардың қағидаттылығы, олардың Әділетті Қазақстанға деген сенімі және Мемлекет басшысының бастамаларын қолдау АІІБ-ге өтінішті дер кезінде қарауға негіз болды. Прокуратура заңсыздықты тоқтатты. Сайлау нәтижесі мойындалмады, іс сотқа берілді.
– Учаскелік комиссиялардың заңсыз әрекеті мемлекеттік биліктің беделіне және халықтың Жаңа Қазақстанға деген сеніміне нұқсан келтіреді, – деп атап өтті Смирнова. – Өткен кезеңнің жаңғырығы елде болып жатқан өзгерістерге теріс әсер етеді. Бұдан құтылу қажет.
Қазақстан Халық партиясы сайлау нәтижесін бұрмалағаны үшін кінәлілерді жазалауды және оларға қарсы қылмыстық іс қозғауды талап етеді.
– Мемлекеттік билік органдарын қалыптастыру кезінде алдауға жол беруге болмайды, – деді мәжілісмен. – Бұл барлық деңгейдегі сайлаушыларға шенеуніктер мен олардың көмекшілері жасаған қиянат. Билікті басып алу халыққа қарсы жасалған ең ауыр қылмыс болып саналады.
ҚХП сайлаудағы өрескел бұзушылықтар үшін қылмыстық заңнаманы қатаңдатуды ұсынады. – Аталған қылмыс үшін жазаны қатаңдату және оның бұлтартпастығы Жаңа және Әділ Қазақстанның жарқын көрінісі болады, – деп түйіндеді Смирнова. – Шын мәнінде, бұл сайлау процесін адал, бәсекеге қабілетті және ашық етеді.