Саяси және қоғамдық ұйымдар Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық Коалицияға бірікті

Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық Коалицияның форумы өтті.

Форумға «AMANAT», «Ақ жол», Қазақстанның Халық партиясы сынды саяси партиялардың және 30-дан астам республикалық қоғамдық ұйымның екі мыңнан астам өкілі қатысты.

«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бастау алған сайлау науқаны барысында бірден бірнеше республикалық қоғамдық бірлестік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдағанын атап өтті.

«Түрлі саяси және қоғамдық күштердің дәл мұндай ауызбіршілігі біздің қоғамды топтастырудың мүлдем жаңа деңгейін көрсетеді. Осыған сүйене отырып, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен кеңесе келе, біз Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық Коалиция құру туралы шешім қабылдадық», – деді Ерлан Қошанов.

Еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыш, Қазақстан әуе күштерінің генерал-майоры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтынын, оны мықты саясаткер, шебер дипломат санайтынын мәлімдеді.

«Халықаралық геосаяси жағдай қиын кезде бізге дәл осындай тұлға қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев шет елдің басшыларымен тең дәрежеде сөйлесе алатын сұңғыла саясаткер. Оның халықаралық тәжірибесі өте жоғары, әлемдік деңгейде мойындалған. бізге тұрақтылық пен бейбіт өмір қажет. Біз Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау арқылы болашақты таңдаймыз. Мен Президенттің бастамасымен жүргізіліп жатқан барлық реформаларды толық қолдаймын», – деді Тоқтар Әубәкіров.

Мәжілістегі «Ақжол» партиясының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі Қазбек Иса өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тарихи реформалар қарқын алғанын атап өтті.

«Әр қиындықтан сабақ алуға тиіспіз. Қасіретті басталған жылды қасиетті істерге жалғастырып, жақсылыққа ұластырып алып кету елге, сіз бен бізге байланысты. Біз әртүрлі саяси ұйымның өкілі болсақ та, біздің бағытымыз бен мақсаттарымыз, арман-тілектеріміз бір. Өйткені, біздің қасиетті қара шаңырағымыз бір. Бізге керегі қазір ең алдымен елдің амандығы – Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің тұтастығын сақтау! Осы мақсатта, біз ақжолдықтар бірауыздан Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Президенттігіне лайықты кандидат деп есептеп, қолдаймыз!», – деді Қазбек Иса.

Мәжілістегі Қазақстанның Халық партиясының депутаты, «Қазақстан халқына» Қоғамдық әлеуметтік қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ирина Смирнова Президент реформаларының басты бағыты – адам, оның әл-ауқаты, өмір сүру сапасын арттыру екенін атап өтті.

«Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасынан нағыз халықтық Президентті таныды деп сенеміз! Бүгін Съезде ҚХП бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауына кандидат ретінде ұсынып, Халықтық Коалицияға кіруге шешім қабылдады», – деді Ирина Смирнова.

Форумда сөйлеген сөзінде қоғам қайраткері, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы, кәсіби спортшы Ардақ Назаров ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың рухани байлығына және асыл мұраларына, ұлттық құндылықтарына сүйенген жөн екенін жеткізді.

Журналист, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Сергей Пономарев азаматтардың сұранысына жедел әрі тиімді жауап беру, талқылау мен шешім қабылдау кезіндегі ашықтық билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі Президент құрған жаңа формасы болды деп есептейді.

«Мемлекет басшысы президент болған үш жыл ішінде небір қиын-қыстау кезеңдерде әрқашан бізбен бірге болып, жан-жақты қолдау көрсетті. Халыққа жаны жақын тұлға екенін бір емес, бірнеше рет дәлелдеді. Қазіргі кезеңде одан басқа лайықты үміткерді көріп тұрған жоқпын», – деді Сергей Пономарев.

М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетіндегі бизнес-мектептің директоры Алина Әбдірахманованың айтуынша, Қазақстанның инновациялар еліне айналуына барлық мүмкіндігі бар.

«Қазірдің өзінде бізде tik-tok және binance сияқты компаниялар аймақтық кеңселерін ашуда. Біздің қазақстандық компаниялар тәжірибе ретінде әлемнің жетекші бизнес мектептерінде зерттеліп жатыр. Бұл – Қазақстанның басты байлығы оның табиғи ресурстарында емес, адами капиталында екендігінің тікелей дәлелі. Жастар Қасым-Жомарт Тоқаевқа үлкен үміт артады және ол бастаған реформалардың сәтті жүзеге асатынына сенеді», – деп атап өтті Алина Абдрахманова.

Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушыларға қолдау көрсетіп, сенім артқаны үшін ризашылығын білдірді. Форумның соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Халықтық Коалицияның ұсынысын қабылдап, ҚР Президенті лауазымына кандидат ретінде ұсынуға келісімін берді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy