Шегірткеге қарсы ұшатын дрондар

dep.jpg

Түркістан облысында зиянкес жәндіктермен ең жоғары технологиялық тәсілдермен күресуде. Бұл туралы Үкімет отырысы барысында вице-премьер Серік Жұманғарин баяндады. Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары шегірткеге қарсы жаппай өңдеу жүргізілетін аудандарда егістік алқаптарын аралап көрді.

Жұманғариннің айтуынша, Түркістан облысы аграрлық өнім өндіруде көшбасшылардың қатарында. Бұл облыс бірінші болып ең қауіпті шегірткеге қарсы белсенді күреске кірісті. Бүгінгі күнге барлық өңделуге тиіс 272 мың гектар жердің басым бөлігі өңделген, соның ішінде дәрілеу жұмыстарына ұшақтар мен ұшқышсыз ұшатын аппараттар да қатысқан.

Вице-премьер Серік Жұманғарин шегірткеге қарсы күрес бойынша препараттарды жеткізу мен сақтаудан бастап егістік алқаптарын өңдеуге дейін барлық қызметтерді көрсететін мердігерлермен сөйлесті. Бұл тетік Түркістан облысында пилоттық жоба түрінде сынақтан өткізіліп жатыр. Келесі жылы бүкіл ел бойынша шегірткемен күрес бойынша қызметтерді орталықтандырылған түрде бірыңғай сатып алуға көшу жоспарланып отыр.

Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің өкілі Ислам Сұңқар бәрі дұрыс жасалып жатыр деп есептейді. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аграрлық секторда жоғары технологиялар мен ғылыми жетістіктерді белсенді қолдануға шақырған сөзін еске салды.

– Мен аграрлық комитеттің өкілі ретінде аграрлық ғылымды дамыту және оны ауыл шаруашылығында пайдалану бойынша парламенттік алқалы жиын ұйымдастырдым, - деді мәжілісмен. - Ол кезде бізге қолда бар ғылыми әзірлемелер ұсынылды: өсімдік шаруашылығындағы жаңа сорттар, тыңайтқыштардың жаңа әдістері, зиянкестермен күрестің тың тәсілдері және т.б. Оның ішінде бізге мынандай дрондар ұсынылды, олар өте тез қимылдайды және аз шығын жұмсай отырып, суарып, тыңайтып, шегіртке сияқты зиянкестерге қарсы препараттарды шаша алады.

Депутат ұсынылған әдіс-тәсілдер Қазақстанның аграрлық секторының игілігіне жұмсалып, оң нәтижелер беретініне сенім білдірді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy