Қазақстанда білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын күшейтіп, оны заман талабына сай, жаңашыл әрі икемді тәсілдермен жүргізу қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының мүшесі және партияның жастар қанаты «JasOrta»-ның жетекшісі Ислам Сұңқар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау саласын жетілдіруге бағытталған бастамаларына пікір білдіре отырып айтты.
Бұған дейін Президент құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында сөз сөйлеп, «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыруға бағытталған бірқатар нақты ұсыныс жасаған болатын.
Осы маңызды қағидатты жүзеге асыру мақсатында Парламент пен Үкімет бірлесіп кешенді шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, есірткіге қарсы іс-қимыл, кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы шараларға қатысты заңдар мен тиісті ережелер қаралып, нақты жоспарлар бекітілді.
Нәтижесінде, 2019 жылдан бері елімізде қылмыс деңгейі екі есе азайған. Атап айтқанда, тонау, қарақшылық, ұрлық және бұзақылық секілді қылмыстар төрт есеге қысқарса, адам өлтірумен байланысты қылмыстар 30 пайызға төмендеген. Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың саны 80 пайызға азайған.
– Бұл – қоғам санасының өзгеріп жатқанын көрсетеді, – деді Ислам Сұңқар.
Депутаттың айтуынша, қоғамдық санаға жаңаша көзқарас қалыптастыруды ең алдымен жастардан бастау керек. Себебі олар өзгеріске тез бейімделеді.
– Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысына қатысты көзқарасты қайта қарау қажет. Президент бұл бағытта нақты тапсырмалар берді, – деді Ислам Сұңқар.