Қоғамдық палата – халық пен билік арасындағы алтынкөпір

dep.jpg

Мәжіліс VIII шақырылымның үшінші сессиясы аясында Қоғамдық палатаның жұмысын қорытындылады. Бурабай кентінде Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен өткен көшпелі отырыста депутаттар мен сарапшылар палата бастамаларының орындалу барысы мен жеткен нәтижелерін талқылады.

Ерлан Қошановтың айтуынша, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата бастапқыда халықтың пікірін ашық жеткізуге арналған алаң ретінде құрылған.

– Екі жылдың қорытындысы бұл міндеттің сәтті орындалып жатқанын көрсетті. Бүгінде Қоғамдық палата қоғамдық диалог жүйесінің маңызды буынына, ел ішінде қалыптасқан көңіл күй мен үміттің көрсеткіші – «халықтың тамырына» айналды, – деді ол.

Мәжіліс спикері палата құрамындағы сарапшылардың белсенді қызметін, заң шығару ісіне қосқан үлесі мен қоғамдық маңызы бар тақырыптарды талқылауға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Сарапшылар ұсынған бірқатар бастама қазірдің өзінде қолданыстағы заң нормаларына айналды. Қоғамдық палата жұмысының тиімділігін арттыру үшін Ерлан Қошанов өңірлердегі қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту қажеттігін айтты. Бұл бағыттағы маңызды қадам ретінде қазіргі уақытта депутаттардың бастамасымен әзірленіп жатқан жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын атады. Аталған құжатты жан-жақты жетілдіру ісі Қоғамдық палатаға жүктеледі.

Ал Қазақстан халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Қоғамдық палатаның қоғаммен кері байланыс орнатудағы рөлін жоғары бағалады.

– Бұл тек қоғамдағы түрлі мәселелер, тәуекелдер мен кедергілер туралы ақпарат алуды көздемейді. Біз үшін қоғам ұсынатын мүмкіндіктерді де тиімді пайдалану өте маңызды. Сарапшылар, мамандар мен белсенді азаматтар заң шығару процесінде үлкен қолдау көрсете алады, – деді депутат.

Смирнова азаматтық қоғам өкілдері бірқатар маңызды, әлеуметтік маңызы бар заң жобаларын әзірлеуге тікелей қатысқанын атап өтті. Атап айтқанда, заңсыз жолмен шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заңдар соның жарқын мысалы.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy