Заң мен тәртіп – кез келген мемлекеттің іргетасы

dep.jpg

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары алқасының кеңейтілген отырысында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілетудің маңызына назар аударды. Оның айтуынша, Әділетті әрі Қауіпсіз Қазақстан құру үшін ең алдымен заң үстемдігін қамтамасыз ету қажет.

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, кәсіби заңгер, депутат Магеррам Магеррамов бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін бірнеше маңызды алғышарт қажет екенін айтты.

– Заң үстемдігі ең алдымен елдегі әр азаматтың заңға бағынуы арқылы қамтамасыз етілуі тиіс, – деді депутат.

Ол Президенттің Ұлы Дала заңдарына жасаған сілтемесіне тоқталып, бұл ережелер қазіргі құқықтық жүйеміздің негізін қалағанын және халқымыздың тарихи танымының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

– Мұнда қазақтың дәстүрлі құқығын ерекше атап өткен жөн. Себебі ол дала өмірінің барлық саласын реттеп отырған. Бұрын да айтқанмын, бүгінгі заңнамамыздың өзегіне осы құқықтық дәстүрді негіз еткеніміз жөн. Солай боларына сенемін, – деді Магеррамов.

Депутаттың айтуынша, заң талаптарын сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл ретте әр азаматтың жауапкершілігі ерекше.

– Біреу көріп тұр ма, жоқ па немесе жазадан қорыққандықтан емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінгендіктен заң мен тәртіпті сақтауға ұмтылуымыз қажет. Осындай саналы ұстаным ғана қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастыруға жол ашады, – деді ол.

Магеррамов Жаңа Қазақстан үшін маңызды қадамның бірі – жазалау тәсілінен бас тартып, медиация мәдениетін дамыту екенін айтты. Оның сөзінше, елімізде медиация институты он жылдан бері жұмыс істеп келеді.

– Қазір азаматтар дауларды сотқа жеткізбей шешудің тиімділігін түсіне бастады. Дегенмен, қолданыстағы медиация туралы заңды осы жылдар ішінде жинақталған тәжірибе негізінде жетілдіру қажет деп санаймын, – деді депутат.

Сөз соңында Магеррамов заң мен тәртіп – кез келген мемлекеттің іргетасы екенін, олар әділетті қоғам мен азаматтардың қауіпсіздігіне кепіл болатынын еске салды.

– Заң мен тәртіп бір-бірімен тығыз байланысты. Заң тәртіппен жүзеге аспаса – өз құнын жоғалтады, ал тәртіп заңға сүйенбесе – еріккеннің ермегіне айналады, – деп түйіндеді халық қалаулысы.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy