Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі де, Премьер-министр Олжас Бектенов те девиантты мінез-құлықты жасөспірімдерге арналған, ерекше режиммен жұмыс істейтін арнайы білім беру ұйымдарын жаңарту қажет екенін мойындап отыр. Жаңарту жұмыстары қалай жүзеге асатыны туралы Қазақстан Халық партиясына Үкімет жан-жақты жауап берді.
Еске салайық, бұған дейін ҚХП депутаттары Үкіметке жазбаша депутаттық сауал жолдап, елдегі жасөспірімдер қылмысының алдын алу және оларды қылмыстық ортадан қорғау шараларын күшейту мәселесін көтерген болатын. Мәжілісмендер қазіргі таңда барлық ресурс көбіне құқықбұзушылықтан кейінгі жазалау шараларына бағытталатынын, ал оның себептерін анықтау мен алдын алуға жеткілікті көңіл бөлінбейтінін атап өткен. Осыған байланысты партия депутаттары арнайы білім беру ұйымдарын трансформациялау бойынша пилоттық жобаны ұсынуды және сол жоба бойынша атқарылып жатқан аралық жұмыстардың нәтижесін жариялауды талап еткен. Сонымен қатар, «қиын» балалардың отбасыларымен жұмыс істеуге арналған кешенді бағдарлама әзірлеу қажеттігін алға тартқан.
– Арнайы мекемелер – бұл үй мен түрменің арасындағы өткінші орын ба, әлде девиантты мінезі-құлықты балалар үшін өмірін өзгертуге берілген соңғы мүмкіндік пе? – деген еді сол кезде фракция жетекшісі Магеррам Магеррамов.
Оқу-ағарту министрлігінің жауабында қазіргі уақытта министрлік жанынан 2026–2030 жылдарға арналған девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары мен ерекше режимдегі білім беру ұйымдарының қызметін трансформациялау тұжырымдамалық негіздерінің жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылғаны айтылған. Топ құрамына педагог-психологтар, Бас прокуратура өкілдері, ЮНИСЕФ сарапшылары және басқа да мамандар кірген.
«…Аталған ұйымдардың жаңа моделінің жобасы штаттық кестеге, қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары мен лауазымдық нұсқаулықтарға өзгерістер енгізуді қарастырады. Сонымен қатар, материалдық-техникалық базаны жақсарту, педагогтердің біліктілігін арттыру, тәрбие жұмысының сапасын көтеру, қосымша білім беруді дамыту, оқушыларды әлеуметтендіру және жұмысшы мамандығын игеру арқылы кәсіптік бағдарлау шаралары қамтылады…», – делінген жауапта.
Сонымен бірге девиантты мінез-құлықты балаларды оңалтуға арналған кешенді бағдарлама жобасы әзірленіп жатыр. Бұл құжатта жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған виктимологиялық профилактика және отбасылармен жұмыс істеу жөніндегі шаралар көзделген.
«…Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» атты бірыңғай бағдарлама әзірленуде. Бұл бағдарламада балалардың, соның ішінде қауіп тобындағы жасөспірімдердің құқықтарын қорғау және ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту шаралары біріктіріледі. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен сарапшылардан құралған жоба кеңсесі құрылды…», – делінген Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған жауапта.
Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов Үкіметтің жауабын мазмұнды әрі қанағаттанарлық деп бағалады.
– Ең бастысы – олар шындықты жасырмай, мәселенің бар екенін мойындаған. Мәселен, арнайы мекемелердегі тәрбие жұмысына қатысты: «жоспарларда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған нақты шаралар қарастырылмаған, қолданыстағы жоспарлар формалды сипатқа ие» деп ашық айтқан. Демек, біздің бұл мәселені көтеруіміз өте орынды болған! – деп түйіндеді ол.