Сирек кездесетін аурулары бар науқастарға «тәжірибе» жасалып жатыр

dep.jpg Денсаулық сақтау министрлігінің сирек кездесетін аурулары бар науқастарды дәрі-дәрмектің кепілдендірілген көлемімен қамтамасыз етудегі үнемшілдігі адамдарға жасалып жатқан тәжірибеге ұқсайды.

Пленарлық отырыста «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов адамдардың өмір сүруіне аса қажетті дәрі-дәрмек тапшы екенін мәлімдеді. Ол ерекше емдеуді, қолға түсе бермейтін дәрі-дәрмекті қажет ететін, сирек кездесетін аурулардан зардап шегіп жүрген жандар қымбат дәрі-дәрмек алу үшін медициналық мекемелердің табалдырығын тоздырып жүргенін жариялады.

– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті медициналық препараттардың түпнұсқасын сұраған жандарға оның баламасын ұсынады, – деді мәжілісмен. – Осы жерде түпнұсқа препарат пен оның баламасының тиімділігіне қатысты мәселе туады. Көбінесе балама препараттың жанама әсері болады.

Балама дәрінің бірнеше түрі бар. Пациенттер әрқайсын қабылдап көреді. Жанама әсер байқалса, препаратты ауыстыру үшін «сары карта» толтыруға шақырылады.«Сары карта» толтырған пациенттер емдеу мекемелерін аралап, уақыт жоғалтады. Ауыр аурумен ауыратындықтан көп жағдайда ыңғайсыздықпен, ауырсынумен бетпе-бет келеді.

– Бұл дәрі-дәрмектер (баламалары) ұзақ әсер ететіндіктен, оның сынамасын дер кезінде жедел жасауға және алуға медициналық мүмкіндік жоқ. Сәйкесінше түрлі препараттарды «сынап көру» ұсынысы адамға тәжірибе жасағандай болып көрінеді, – деді депутат. – Біз мұны адамгершілікке, ізгілікке жатпайтын әрекет деп санаймыз! Сонымен қатар адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті іс деп білеміз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy