Жақында құқық қорғау органдары Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаны ұстады. ҰҚК мәліметінше, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Г. Мұсағазинаға лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылуда. Қазір шенеунік үйқамақта.
Әлеуметтік желіде облыс әкімі орынбасарының аты өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы резонансты қылмыстық іспен байланыстырылған. Әңгіме Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаевтің, оның орынбасары Ерболат Доспановтың және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубевтің қамауға алынуы туралы болып отыр.
«…Медициналық ұйымдар тарапынан сұранысқа ие емес жабдықтардың негізсіз жоғары бағамен сатып алынғаны анықталды. Келтірілген залал көлемі 2 млрд теңгеден асты…» – деп хабарлаған еді құқық қорғау органдары.
ҚХП депутаты Ирина Смирнова соңғы уақытта Қостанай облысы тұрғындарынан келіп түсетін шағымның айтарлықтай артқанын атап өтті. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына қатысты шағым көбейген.
– Бұл бір тізбектің буындары, – деп түйіндеді мәжілісмен. – Шенеуніктер қарапайым халықтың ақшасын ұрлаумен айналысқан. Жеке азаматтарға қатысты өзге мәселелерге, оның ішінде денсаулық сақтау саласындағы түйткілдерге, олардың уақыты да, ықыласы да болмаған. Ал жеке адамдардың мәселелері назардан тыс қалған, себебі жүздеген миллиондар мен миллиардтаған теңгелер алдыңғы қатарға шыққан.
@halyk_partiyasy