Қазақстандықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында «Turkistan» газетінде жарияланған сұхбатын қызу талқылап жатыр.
Қазақстан Халық партиясының өкілдері Президент көтерген идеялар мен бастамалар партияның бағдарламалық ұстанымдарымен толық үндесетінін атап өтті. Мәселе саяси және экономикалық реформалар туралы: салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, халықтың құқықтық сауатын арттыру, энергетика саласын жаңғырту және өзге де маңызды бағыттар. Президент сұхбатында сөз болған кооперативтерге қатысты заңнамалық негізді бүгінде ҚХП депутаттары Парламентаризм институтымен бірлесіп әзірлеуде. Сондай-ақ республикада атом электр станциясын салуды қолдаған ауқымды ақпараттық науқандардың бірін кезінде дәл осы ҚХП ұйымдастырған болатын.
Бұдан бөлек, Конституцияны кең көлемде реформалау және бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама да Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан. Елде цифрландыру дәуірі басталған тұста алғашқы «медиа-партия» атанған да – ҚХП. Бұл айтылғандар тізімнің бір бөлігі ғана.
– Мемлекет басшысы қоғамдағы өзекті мәселелерді терең түсінетінін және мемлекеттің оларды шешуге дайын екенін талай мәрте дәлелдеді. Бұл жолғы сұхбат та соның айғағы. Онда қуатты мемлекет пен кемел қоғам қалыптастыруға тікелей әсер ететін стратегиялық маңызы бар бағыттар анық көрсетілген, – деді Қазақстан Халық партиясының Парламенттегі фракция жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магерам Магеррамов.

Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалар кезеңінде қазақстандық қоғам айтарлықтай алға жылжыды.
– Біз, шын мәнінде, елді қайтадан жаңадан құрып жатырмыз. Әділетті Қазақстанды қалыптастыратын жасампаз ұрпақты тәрбиелеудеміз, - деді ол.
Ал ҚХП-дан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова алдағы жылды реформаларға толы, мазмұны бай кезең болады деп есептейді.

– Бұл – мемлекет пен азаматтар арасындағы қаржылық қатынастарда, шаруашылық жүргізу формаларында, инфрақұрылымға, еңбекке, табиғатқа жауапкершілікпен қарауда, заңдылық пен жауапкершілікті қабылдауда көрініс табады. Елдің оң бағытта дамуына деген басты үмітім – жастар. Үміттенемін! Сенемін! Бәрі сәтті болады! – деді Смирнова.
Ал ҚХП-ның тағы бір депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжанның пікірінше, Мемлекет басшысының жыл сайынғы сұхбаты – жай ғана қорытынды емес, елдің болашағы мен азаматтардың тағдыры туралы ашық әрі мазмұнды әңгіме.

– Ең бастысы, Президент жүргізіп отырған реформалардың өзегінде әлеуметтік әділдік пен нақты, мақсатты қолдау қағидаты айқын көрініс тапқан. Көмек шынымен мұқтаж жандарға жетуі тиіс, ал ықпалды әрі ауқатты топтар үшін жасырын артықшылықтарға айналмауы керек, - деді депутат-омбудсмен.
Сейтжанның айтуынша, Мемлекет басшысының инфляция, ауру-сырқау, жұмыссыз қалу секілді қауіп-қатерлерді ашық айтуы да аса маңызды. Бұл – миллиондаған азаматтың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың отбасыларының күнделікті өмірінде кездесетін нақты мәселелер.
– Реформаларды жүзеге асыру оңай емес, оған уақыт қажет. Алайда шыншылдық, өз-өзімізді алдаудан бас тарту және ұзақ мерзімді әділдікке бағдар ұстану әлеуметтік қорғау сөз жүзінде емес, нақты жұмыс істейтін қоғамның берік негізін қалыптастырады, - деп атап өтті ол.
@halyk_partiyasy