Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев ҚХП парламенттік фракциясымен бірге барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының III республикалық форумына қатысты. Жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Іс-шара конституциялық реформа бойынша жалпыұлттық референдум қарсаңында өтті.
Мұндай форумдар «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» дәстүріне айналды. Бұл күні миллиондаған отандастарының мүддесін қорғайтын екі мыңға жуық депутат бас қосты.
– Жалпы, мұндай іс шаралар өңірлік саясаттың тиімділігін бағалауға және өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ҚР Президенті. – Біз мемлекеттік басқару, экономика және әлеуметтік сала жүйесін терең жаңғыртуға кірістік. Бұл үдерісте мәслихаттарға ерекше миссия жүктеледі.
Мемлекет басшысы өңірлер өз бюджетін мұқият жоспарлауға және кірістерді ұлғайтуға ерекше назар аударуы тиіс екенін атап өтті. Қазір Үкімет заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер төлейтін мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджетке беру мәселесін пысықтауда. Ал өңірлерге, жекелеген қызмет түрлеріне лицензиялық алымнан және экологиялық айыппұлдан түсетін қаражат берілуі мүмкін.
– Бұл дұрыс логика: табыс қай аумақта табылса, сол аумақты дамыту үшін жұмыс істеуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Бір сөзбен айтқанда, өңір ресурс көбірек ресурс алады, ал мәслихаттардың міндеті – олардың пайдаланылуына тиісті бақылауды қамтамасыз ету. Мәслихат депутаттары халықтың өзекті мәселелерін шешуге көмектесетін халық пен билік арасындағы көпір болуға тиіс.
Мемлекет басшысы ең маңызды мәселелердің барлығын қамтуға тырысты: ауқымды цифрландыру, жаңа Конституция жобасы қабылданған жағдайда Қазақстанның болашағы, халықаралық жағдай, елдің көпвекторлы саясаты, шетелдегі азаматтарымызды қорғау, Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшылық, ішкі инфрақұрылымдық жобалар, алғашқы АЭС салу және тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік саясат пен денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту (оның ішінде ауылдық жерлерде), адам капиталының мүмкіндігін іске асыру және «Заң мен Тәртіп» қағидаттары.
– Тәуелсіздіктің 35 жылында біз көптеген оқиғалардың куәсі болдық: жақсысы да, қиыны да, қуаныштысы да, қайғылысы да болды, – деп түйіндеді ҚР Президенті – Ең бастысы – біз тәжірибе жинап, әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлігі болып табылатын заманауи мемлекетте өмір сүруді үйрендік.
Сөзінің соңында мемлекет басшысы жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекет пен азамат арасындағы қатынасты сапалы түрде жаңа деңгейге көтеретінін және елдің құқықтық жүйесін тұтас жаңғыртатынын атап өтті.
– Сіздердің дауыстарыңыз – жауапты әрі жасампаз патриотизмнің, азаматтық кемелдіктің және болашаққа деген қамқорлықтың көрінісі, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. – Біз – қирататын емес, жаңғыртатын, өзекке тебетін емес, бауырға басатын, бөлетін емес, біріктіретін ұлтпыз.
15 наурыз күні әрбір отандасымыз Қазақстанның жетістік шежіресіне өз есімін жаза алады. Бұл – әркімге куә болу бақыты бұйыра бермейтін шын мәніндегі тарихи сәт.
– Ортақ мақсатқа жету үшін бірігіп, жанқиярлықпен еңбек ететін уақыт келді, – деп түйіндеді мемлекет басшысы. – Баршаңызды Отанымыздың мүддесіне адал қызмет етуге шақырамын! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын!
@halyk_partiyasy