Жол қателікті кешірмейді

dep.jpg

фото из соци сетей

Алматы қаласында әл-Фараби даңғылы бойында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы орын алды. 21 наурызға қараған түні «ZEEKR» автокөлігінің жүргізушісі жоғары жылдамдықпен қарсы жолаққа шығып кетіп, «Mercedes» көлігімен соқтығысты. Салдарынан «Mercedes» автокөлігінің жүргізушісі мен екі жас жолаушысы оқиға орнында мерт болды. Екінші жүргізушісі ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Жол-көлік оқиғасы дерегінше, Қылмыстық кодекстің 345-бабы – «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы ережелерін немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Адам өліміне әкеп соққандықтан, кінәлі тұлғаға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұл апат бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде кеңінен талқылануда. Қаза тапқандардың туыстары оқиғаға түнгі уақытта қала көшелерінде жоғары жылдамдықпен жарыс ұйымдастыратын «стритрейсерлер» кінәлі деп отыр.

Жол апатынан кейін полиция Алматыда бірқатар рейд жүргізді. Үш күн ішінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 5 мыңнан астам дерегі анықталып, оның 2 мыңға жуығы жылдамдықты асыру фактісі бойынша тіркелді.

Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Ирина Смирнова жолдағы жаппай тәртіп бұзушылық пен бейберекетсіздіктің басты себебі – жазасыздық деп санайды.

– Неге кейбіреулерге автокөлікті қалай болса солай басқаруға болады? Неге полиция оларды байқамайды? Полицияның техникасы, камералары өте сапалы ғой, жолдағының барлығы көрініп тұрады ғой, – деді мәжілісмен. – ІІМ бізге бәрі керемет деп есеп берді: «ақылды» камералар, бәрін бақылап отыратын жүйе бар екенін айтты. Бірақ іс жүзінде полиция тарапынан тиісті әрекет жоқ!

И. Смирнова мысал ретінде Достық даңғылы бойындағы жағдайды келтірді. Оның айтуынша, кешкі уақытта мотоцикл жүргізушілері жол ережелерін өрескел бұза отырып, қауіпті әрекет жасайды (олар да жалпы ережеге бағынуы тиіс). Алайда полицейлер мұндай жағдайға назар аудармайды, көбінесе бекеттерде тұрып, «бақылаумен» ғана шектеледі.

– Әл-Фараби даңғылында да көліктер шахмат ойнағандай бір жолақтан екіншісіне жылдам ауысып, басқа жүргізушілердің жолын кесіп өтеді, – деді депутат. – Мұндайларды тез анықтауға болады! Жасанды интеллект мұны бір сәтте-ақ істей алады! Алайда полицейлерге қайтадан таяқ беріп, жол бойына тұрғызып қойды. Міне, осы жерде олар «жақсы жұмыс істейді»! Ал нағыз ереже бұзушылар бұрынғыдай жазасыз жүре береді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy