Жаңа Конституция жобасы әлеуметтік сипатқа ие. Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқығы жөніндегі уәкілі Кенжеғұл Сейтжан осындай пікірді білдірді.
Өз сөзін дәлелдеу үшін мәжілісмен әрі омбудсмен құжаттың 28-бабын алға тартты. Онда мемлекет азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті екені айтылған.
– Бұл жерде жасы бойынша, ауруына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына және басқа да негіздер бойынша адамдарды қолдау туралы сөз болып отыр, – деді К. Сейтжан. – Бұл – мемлекет өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтар үшін жауапкершілік алатынын көрсететін негізгі нормалардың бірі.
Жаңа Конституция жобасында бұл кепілдік сақталып қана қоймай, маңызды толықтыру енгізілген: мемлекет ерікті әлеуметтік сақтандыруды, қайырымдылық пен волонтерлік қызметті дамытуды қолдайды.
– Бұл қолдау жүйесінің ауқымы кеңейетінін білдіреді, – деп түсіндірді ҚХП депутаты. – Мемлекеттік тетікпен қатар қоғамдық көмек те дамиды, яғни адамдар, ұйымдар мен бизнес әлеуметтік мәселелерді шешуге қатыса алады.
Мүгедектігі бар адамдар мен басқа да әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін мұндай үлгі ерекше маңызды. Қолдау тетігі неғұрлым көп болса, дер кезінде көмек алу және лайықты өмір сапасын сақтау мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
– Дәл осындай тәсіл әлеуметтік саясатты тұрақты әрі адамға бағытталған етеді деп сенемін, – деп қорытындылады Кенжеғұл Сейтжан.
@halyk_partiyasy