Әлеуметтік мәселелер ашық талқыланды

dep.jpg

ҚХП өкілі, Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Президенттің кеңесшісі Алексей Цоймен кездесті.

Кездесу барысында мәжілісмен қонақтың тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, ресми жауаппен шектелмей, арнайы келіп жүздескені үшін алғыс білдірді.

– Мұны мен сенім мен әріптестік қарым-қатынастың айрықша белгісі ретінде қабылдаймын. Мен үшін өзара ықпалдастықтың дәл осындай форматы ерекше маңызға ие, – деді депутат-омбудсмен.

Жеке форматтағы диалог әлеуметтік осал топ өкілдерінің мәселелері жөніндегі омбудсмен институтының қазіргі жай-күйін ғана емес, соңғы екі жылда кеңсе қызметі барысында туындаған нақты практикалық қиындықтарды да егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік берді. Кездесу барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен өзара іс-қимыл мәселелері де кеңінен қаралды.

Сонымен қатар тараптар облыс және облыстық маңызы бар қалалар әкімдері жанындағы өңірлік уәкілдер институтын құру және дамыту барысын сөз етті. Әсіресе өңірлерде уәкілдерді тағайындау қарқынына ерекше назар аударылды: жоспарланған 20 кандидаттың бүгінде 11-і ғана ресми түрде тағайындалған, қалғандары келісу кезеңінде тұр. Бұл өз кезегінде барлық мүдделі құрылымдардың қосымша ұйымдастырушылық қолдауы мен үйлестіруін қажет етеді. Бұдан бөлек, алдағы жұмыс қадамдары мен басым бағыттар айқындалып, атқарылған жұмыс пен мүгедектігі бар жандардың және басқа да әлеуметтік осал санаттардың құқығын қорғау саласындағы ахуал жөніндегі есепті әзірлеу мәселесі талқыланды.

– Алексей Владимировичтің жеке қатысуға дайын болуы, ашық диалог орнатуы және мәселенің мәніне терең бойлауы институтты нығайтуға, ведомствоаралық тиімді үйлестіруді жолға қоюға және әлеуметтік саясаттағы нақты өзгерістерді ілгерілетуге елеулі ықпал ететін фактор деп есептеймін, – деп түйіндеді Кенжеғұл Сейтжан.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy