Дайындық кезеңі

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы атынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан 2026 жылғы 15 наурызға жоспарланған Конституциялық реформа бойынша Жалпыұлттық референдум қарсаңында ҚР Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырған кезекті жұмыс кеңесіне қатысты.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы референдумға арналған бюллетеньнің үлгісін бекітіп, жариялаған болатын. Құжатта бір ғана сұрақ болады: «Сіз Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?». Жауап нұсқалары — «иә» немесе «жоқ».

– Бюллетеньдер офсеттік баспа тәсілімен қорғалады, сондай-ақ олардың арнайы түсі, қарпі және өзге де параметрлері айқындалады, – деп нақтылады ОСК өкілдері.

Дауыс беруге 12 миллионнан астам қазақстандық қатыса алады. Сонымен қатар, биылғы электоралдық науқанда ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беруіне айрықша көңіл бөлінуде. Референдум күні еліміздің барлық өңірлерінде мүгедектігі бар азаматтарға инватакси қызметі ұсынылады, учаскелерде Брайль қарпіндегі трафареттер, дыбыстық сүйемелдеу, пандустар, тактильді жолақтар және басқа да қолайлы жағдайлар қарастырылады. Комиссия өкілдері өңірлерге барып, сайлау учаскелерінің дайындық деңгейін тексереді.

– Ұйымдастыру жұмыстары нақтыланып, ұстанымдар келісілді, – деді Кенжеғұл Сейтжан. – Негізгі міндет — үдерісті тыныш, ашық әрі заң талаптарына қатаң сәйкестікпен өткізу.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy