Көптен күткен шешім

dep.jpg

Денсаулық сақтау министрлігі балаларға паллиативтік көмек көрсету стандарттарын бекітті. Бұл жаңалықты Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова хабарлады.

Аталған стандартты қабылдау қажет екенін ҚХП-ның парламенттік фракциясы екі жылға жуық уақыт бойы айтып келді. Осы аралықта депутаттық сауалдар жолданып, түрлі кездесулер, талқылаулар мен ақпараттық іс-шаралар өткізілді.

– Осы күнге дейінгі ұзақ жолды біз қоғаммен бірге жүріп өттік. Оның ішінде волонтерлер, жүрегі кең, мейірімді жандар қаншама, - деді депутат.

Депутат бұл күрделі, бірақ аса маңызды істің жүзеге асуына атсалысқан барша азаматқа алғысын білдірді. Атап айтқанда, үкіметтік емес ұйым өкілдеріне, қоғамдық белсенділерге, медицина қызметкерлеріне, Денсаулық сақтау министрлігінің мамандарына, қайырымдылық жасағандар және әріптес депутаттарға ризашылығын жеткізді.

Бұған дейін Қазақстанда балаларға арналған паллиативтік көмектің бірыңғай стандарттары болмаған. Үміті үзілген дертке шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарына негізінен үкіметтік емес ұйымдар, демеушілердің қаражаты есебінен ғана көмек көрсетіліп келді. Мемлекет тарапынан мұндай қызметтерге қаржыландыру қарастырылмаған еді. Ересек науқастардың ауырсынуды басатын дәрілерді дер кезінде алу мүмкіндігі ішінара болса да бар, Ал ауыр әрі жазылмайтын ауруға шалдыққан балалар іс жүзінде ондай көмектен қағылып келді. Елде ауырсынуды басатын препараттарға қолжетімділік шектеулі, хоспистер, үйде паллиативтік көмек көрсететін көшпелі бригадалар жеткіліксіз, тіпті стационарлық паллиативтік төсектердің өзі жоқтың қасы. Ал ресми деректерге сүйенсек, шамамен 6 мыңға жуық қазақстандық бала осындай көмекке мұқтаж.

Осыған байланысты ҚХП фракциясы «Балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсету тәртібін» жеке педиатриялық стандарт ретінде бекітуді ұсынды. Ирина Смирнова жолдаған депутаттық сауалдан кейін бұл мәселе орнынан қозғалғандай болған.

– Қазіргі таңда көмектесуге мүмкіндігі жоқ медициналық ұйымдар инкурабельді сатыдағы науқастардан құтылуға тырысып, оларды үйіне шығарып жібереді. Соның салдарынан балалар мен олардың ата-аналары қайғы-қасіретпен бетпе-бет келеді, - деген еді Смирнова.

Алайда түсініксіз себептермен стандартты қабылдау процесі кенеттен тоқтап, бір жылға жуық уақытқа созылып кеткен. Дегенмен, көп күткен мәселе ақыры оң шешімін тапты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy