Сот өтті – сұрақ қалды

dep.jpg

фото әлеуметтік желіден

Қарағанды облыстық соты кәмелетке толмаған некедегі қызға жасалған жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты жанжалды іске нүкте қойды. Анасы мен өгей әкесі 15 жастағы қызды оның келісімінсіз «тұрмысқа» берген. Нәтижесінде зорлаушы-күйеу 17 жылға бас бостандығынан айырылып, кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.

Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнованың пікірінше, бұл істе әлі де көптеген сұрақтар бар.

– Қорқынышты жағдай: анасы мен өгей әкесі осылайша өз қыздарының тағдырын шешеді, – деді мәжілісмен. – Олар мұндай қылмысы үшін қалай жауап береді? Кәмелетке толмаған қызға жасалған жыныстық зорлық-зомбылыққа алып келген ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін нақты жаза ала ма?

Оқиғадан кейін жәбірленуші қыз бен оның кіші сіңлісі биологиялық әкесінің тәрбиесіне берілді. Алайда әр ата-ананың балаларды тәрбиелеу құқығы мен мүмкіндігіне қатысты мәселе ашық күйінде қалып отыр.

– Неге бұл бұрын жасалмады? Әкесіне балаларды өзіне алуға мүмкіндік берілмеді ме? – деп атап өтті депутат. – Мұны да жан-жақты тексеру қажет.

Білім беру органдарына да сұрақтар бар. Міндетті орта білім беру жағдайында оқушы қалайша педагогтердің назарынан тыс қалып, оның тағдырына ешкім мән бермеген?

Қазіргі таңда Ирина Смирнова осы мәселелердің барлығын көтеретін Бас прокуратураға жолданатын депутаттық сауал дайындауда.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy