Жарқын бейне

dep.jpg instagram.com/assanali.ashimov

Қазақстан Халық партиясы КСРО Халық әртісі, Кеңес Одағының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, актер, режиссер, сценарист әрі ұстаз Асанәлі Әшімұлы Әшімовтің туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады.

Еліміз орны толмас қазаға ұшырады. Ұзаққа созылған сырқаттан салдарынан 89 жасында қазақ және әлемдік өнердің көрнекті өкілі, мәдениет қайраткері Асанәлі Әшімов өмірден өтті. Ол – қазақстандық кинематографияны жаңа деңгейге көтерген тұлға. «Қазақфильм» киностудиясында жұлдызы жанып, аты аңызға айналды. Театр сахнасындағы ұзақ жылдық еңбегі, кино әлеміндегі теңдессіз рөлдері, режиссерлік жұмыстарының республика шегінен тыс жерлерде танылуы, өзі тәрбиелеген отандық өнерпаздар – мұның бәрі Асанәлі Әшімұлының өлшеусіз еңбегін айғақтайды. Оның актерлік, режиссерлік және ұстаздық кәсібилігі, ұлттық әрі әлемдік өнерге қосқан үлесі ерекше құрметке лайық.

Асанәлі Әшімов – шығармашыл тұлға, ұлағатты ұстаз, отаншыл азамат. Әріптестері қадірлеген, көрермені сүйген ол бар ғұмырын туған елін ұлықтауға арнады. «Қыз Жібектегі» айлакер Бекежан, детективтік тетралогиядағы жанқияр Қасымхан Шадияров, Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі басқа да бірқатар фильмдердің кейіпкерлері арқылы халық жадында мәңгі сақталады. Аңыз тұлғаның қазасы – бәріміз үшін орны толмас қайғы.

Қазақстан Халық партиясы


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy