Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев пен «JASYL» экологиялық қозғалысының президенті Мирас Байсейітов өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«JASYL» экологиялық қозғалысы «Ұлттық Кәсіби Экологиялық аудиторлар Палатасы» негізінде пайда болды. Екі жыл бұрын жаңа Экологиялық Кодекс қабылданған кезде сарапшылардың қарсылығына қарамастан, құжаттан экологиялық аудит алынып тасталды.
– Іс жүзінде табиғат пайдаланушыларын мемлекеттік бақылаудың маңызды құралы жоғалып кетті, – деді сол кезде Мирас Байсейітов.
Мамандар қоршаған ортаны қорғау қызметін тоқтатқысы келмеді. Олар экологиялық мәселелерді қоғамдық бақылау аясын кеңейте отырып, өздерінің кәсіби, сараптамалық және материалдық-техникалық мүмкіндігін арттыру туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде «JASYL» экологиялық қозғалысы» ҚБ құрылды.
– «JASYL» экологиялық қозғалысы экологиялық мәселелерді шешуде заманауи тәсілдерді қолданады, – деп атап өтті оның негізін қалаушылар. –Қоғамдық бірлестік қоршаған ортаны қорғау саласындағы барлық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды. Бүгінгі таңда экологиялық бұзушылықтан зардап шегіп отырған тұрғындармен диалог жүргізіп, кері байланыс орнатып отыр.
Қазақстан Халық партиясы экологтардың одақтасына айналды. Айта кетейік, партияның сайлауалды бағдарламасында табиғатты қорғауға ерекше назар аударылған.
– Саяси партия мен азаматтық белсенділер сарапшыларды жұмылдыра отырып, қоғамдық бақылауды күшейтуге қол жеткізеді, – деді Ермұхамет Ертісбаев.
Қос тарап қоршаған орта мен экологияны бірлесіп қорғауға, халықтың денсаулығына кері әсер ететін кәсіпорындарға мониторинг жүргізуге уағдаласты.