Талапкер кентінің тұрғындары Халық партиясының депутаттарынан көмек сұрады

Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліске сайланған депутаттар Кенжеғұл Сейітжан мен Ислам Сұңқар Талапкер кенті тұрғындарының бастамашыл тобымен кездесті.

ҚХП Астана қалалық филиалының кеңсесінде өткен кездесуде Талапкер кентінің өзекті мәселелері талқылады. Депутат К. Сейітжан жиналғандарға партияның жүргізіп жатқан саясатын баяндады.

– Бізге өзіміз өмір сүретін жаңа Қазақстан құруға мүмкіндік беріліп жатыр, – деді ол.

Талапкер кентінің тұрғындары кен өндіру карьері ауылға тым жақын орналасқанын алға тартып, шаңнан көз ашпайтындарына шағымданды. Белсенділер экологиялық жағдайды жақсарту үшін құқықтық-нормативтік актілерге өзгеріс енгізуді ұсынды.

– Карьерлер елдімекендердің аумағынан кем дегенде 5 шақырым жерде орналасуы керек, – деді олар. – Қолданыстағы ережеде қашықтық 2 шақырым деп белгіленген.

Бұған қоса ауыл белсенділері карьерді игеріп жатқан адам тұрғындардың наразылығына қарамастан, өзінің мүддесі үшін қайта-қайта қоғамдық тыңдау өткізуге әрекеттеніп жатқанын мәлімдеді.

– Біз оған «қарсымыз» деп неше рет айтуымыз керек? – деп кейіді тұрғындар.

Кездесуде бастамашыл топ депутаттарға қаңғыбас иттер мен қоқыс полигонының өзекті мәселесін жеткізді. Сонымен қатар Талапкер кентінде өрт сөндіру бөлімінің жоқ екенін және тарифтің қымбаттығына қарамастан, электр энергиясымен жабдықтау сапасы сын көтермейтінін айтты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy