
Мемлекет жұмысшы мамандықтарын танымал етуге шақырады, алайда болашақ техникалық мамандарды оқытуға балабақша тәрбиеленушілеріне бөлінетін қаржыдан да аз қаражат бөледі.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесін қаржыландыруды сынға алды.Депутаттың айтуынша, қазір колледждер аса маңызды әрі сұранысқа ие орта буын мамандарын даярлап отыр. Оның үстіне, жұмысшы мамандығын алу студенттер үшін тегін.
– Алайда осы «тегін» оқудың артында әр студентке бөлінетін жан басына шаққандағы қаржыландыру бар, – деп түсіндірді И.Смирнова. – Оның көлемі айына бар болғаны 35 мың теңге!
«Мұндай сомаға не үйретуге болады?» деген сұрақ ашық күйінде қалып, риторикалық сипат алды.
– Бұл бір балабақша тәрбиеленушісіне жұмсалатын шығыннан да аз! – деп наразылық білдірді депутат. – Мектеп оқушысына бөлінетін қаржыдан шамамен екі есе төмен! Ал колледжде жалпы орта білім де, кәсіби мамандық та қатар берілуі тиіс!
Ирина Смирнова шенеуніктерді екі жыл бұрын берілген уәделерін орындап, ТжКБ жүйесін лайықты деңгейде қаржыландыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіби білім беруді ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін қарастыруға шақырды.
@halyk_partiyasy