Қазақстан Халық партиясы Абай облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Кеңесбаев Семей қаласының шетіндегі Холодный ключ кентінің тұрғындарымен кездесті. Басқосуға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары да қатысты.
Қала маңындағы тұрғындар сумен жабдықтаудағы олқылықтарды тілге тиек етіп, су құбырларының жоқтығына шағымданды. Сапалы ауыз суға қол жеткізу ауылдар мен кенттердегі өзекті мәселенің бірі. Холодный ключ кентінің тұрғындары да ауыз су тапшылығымен бетпе-бет келді. Бұл жерге күні бүгінге дейін таза ауыз су жеткен жоқ.
– Бұл қала шетіне орналасқан шағын ауылдардың ең өзекті мәселесі, – деді ТКШ бөлімінің мамандары.
Таяуда арнайы бағдарлама аясында Холодный ключ кенті қалалық су құбыры желісіне қосылуы тиіс. Тұрғындар осы іс атқарылғанда ғана ауыз су азабынан құтыламыз деп отыр.