Төтенше жағдайлар министрлігіне қосымша қаржы қажет

Еліміздің құтқару қызметтері қалдық қағидаты бойынша қаржыландырылады. Қазақстан Халық партиясы ТЖМ-ды жабдықтау және оның бөлімшелерін заманауи техникамен жарақтандыру мәселесін кезекті рет көтереді және болуы ықтимал ТЖ-ны күтпей, шұғыл шара қабылдауды талап етті.

Өңірлерде болған өрт бірқатар кемшіліктерді көрсетті. Мемлекет басшысы ТЖМ-ды нығайту қажеттігін мәлімдеп, Үкіметке ТЖ қызметі қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешуді және олардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруды тапсырды.

ҚХП парламенттік фракциясы бұған дейін Үкіметтің назарын ТЖМ жұмысының маңыздылығына бірнеше рет аударып, Азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларындағы құрылымдардың қызметін арттыруды, автопарк пен мемлекеттік өртке қарсы қызмет ғимараттарын жаңартуды, мемлекеттік өртке қарсы қызметтің штат санын ұлғайтуды ұсынды.

«30 жылда бірде-бір жаңа депо салынбаған аймақтар бар», – деді депутат Магеррам Магеррамов.

Фракция тау бөктеріндегі, орман мен далада өртке қарсы бекеттердің санын ұлғайту, оларды өртке қарсы бақылау дрондарымен жабдықтау бастамасын көтерді. Сонымен қатар өртке қарсы қызмет мамандарын көппәтерлі тұрғын үйлерді, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды пайдалануға қабылдау шарасына және жобалау-сметалық құжаттама кезеңіне міндетті түрде қатыстыруды талап етті.

ҚХП әлеуметтік мәселелерді шешу үшін Беларусь Республикасының үлгісі бойынша Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің қатардағы қызметкерлеріне негізгі жұмысынан бос уақытында екінші қосымша жұмыста еңбек етуге заңнамалық құқық беруді ұсынды. Қазіргі уақытта Қазақстанда бұған заң жүзінде тыйым салынған.

Депутаттық сауалға Құтқару қызметі қызметкерлерінің зейнетке шығу жасын азайту мәселесі де жүк болды.

«Қазіргі уақытта құтқарушылар азаматтық қызметкерлер ретінде алпыс үш жасқа толғаннан кейін ғана зейнетке шығады. Бұл жастағы құтқарушылар биіктікте, су астында, өрт қаупі бар аймақтарда атқарылатын жұмыс түрлерін орындай алмайды», – деді депутат.

Партиялықтар Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін нақты қандай шара қабылдағанын және оның орындалу мерзімін көрсетуді сұрады.

«ТЖМ қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешу, автопарк пен мемлекеттік өртке қарсы қызмет ғимараттарын жаңарту бойынша нақты уақытты белгілеп, жауап беруді сұраймыз. Көрсетілген шектен шығу Үкіметтің жұмысты атқара алмағанын және ел Президентінің тапсырмасын орындамағанын білдіреді», – деді М. Магеррамов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy