
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекаралық өткізу бекеттеріндегі инфрақұрылымның жағдайын сынға алды. Оның айтуынша, мұнда мүгедектігі бар адамдар үшін ең қарапайым жағдайдың өзі жасалмаған.
Мәжілістің пленарлық отырысында Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы 2003 жылғы 25 желтоқсандағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттері туралы Келісімге өзгеріс енгізу жөніндегі хаттама ратификацияланды. Тараптар құжатқа 2024 жылғы 19 сәуірде Астанада қол қойған. Түзету «Кеген-автожол» (Қазақстан Республикасы) – «Қарқыра-автожол» (Қырғыз Республикасы) өткізу бекеттерінің жұмыс тәртібін «күндізгі уақыттан» «тәулік бойына» ауыстыруды көздейді.
– Бұл шешім қазақ-қырғыз шекара маңы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға, тауар айналымын арттыруға және туризм саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге жағдай жасайды, – деді Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Алайда Кенжеғұл Сейтжан қазақстандық тараптың туристік мүмкіндігіне күмән келтірді. Ол министрден шекаралық өткізу бекеттеріндегі қызметтің мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігі қалай қамтамасыз етілетінін сұрады.
– Біз де Қырғызстан арқылы жаяу да, көлікпен де өтеміз, – деп нақтылады мәжілісмен. – Бізге талай рет уәде берілді, бірақ мүгедектігі бар адамдар үшін ешқандай жағдай жасалған жоқ.
Нұрлан Сауранбаев бұл сұраққа нақты жауап беруге қиналып, инфрақұрылымға қатысты жұмыс 2027-2028 жылдарға қарай аяқталатынын айтты.
Есесіне, ол осы мәселе бойынша презентация көрсетуді ұсынды. К.Сейтжан мұны «атүсті» берілген жауап деп бағалады.
– Министрлік қағаз жүзінде бәрі жақсы деп есеп береді, ал іс жүзінде олай емес, – деді депутат. – Біз мұны өз көзімізбен көріп жүрміз, кейде өзіміз де турист боламыз. Мен жарты әлемді араладым, бірақ кешіріңіз, тек Қазақстанда ғана шекарада қолжетімді дәретхана жоқ!
Депутат бұл мәселе кейде тек мүгедектігі бар адамдарға ғана емес, барлық туристерге ортақ проблема болатынын атап өтті.
@halyk_partiyasy