
Алматыда Tesla Education жекеменшік білім беру орталығына қатысты дау шықты. Ата-аналар балаларының қосымша білім алу үшін қомақты қаражат – шамамен жарты миллион теңге төлеген. Алайда балалар уәде етілген білімді ала алмаған, ал қаражат та иелеріне қайтарылмаған. Жәбірленуші ата-аналар орталық басшылығын алаяқтық жасады деп айыптап, полицияға шағымданды.
Бұған дейін «Tesla Education» әлеуметтік желілерде жарнамасын белсенді жүргізіп, ата-аналармен көбіне бөліп төлеу арқылы, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасаған. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша болып шыққан: сабақтар жиі кейінге қалдырылып, ұстаздар кейде мүлде сабаққа келмеген. Ашуға булыққан ата-аналар келісімді бұзбақ болғанымен, бұл да оңайға соқпады. Ақша орнына «кепілдік сертификаттар» беріліп, орталық басшылығы қосымша түсініктеме беруден бас тартқан.
Осы мәселеден мыңға жуық адам зардап шеккен. Олар Бостандық аудандық полиция басқармасына ұжымдық арыз түсірген. Қазір Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша іс қозғалды.
«...Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтау мақсатында кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Азаматтардың конституциялық құқығын қорғау басты назарда…», - делінген полицияның ресми хабарламасында.
Ал «Tesla Education» компаниясы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеме жариялап, жағдайды реттеу үшін шаралар қабылданып жатқаны айтты. Орталық өкілдері барлық қаражатты жеке төлем кестесіне сай қайтаруға уәде берген.
«...Біз жоғалып кеткен жоқпыз, байланыстамыз және мәселені белсенді түрде шешудеміз. Компания ешқандай алаяқтық жасаған жоқ және қандай да бір пайдакүнемдік әрекетке барған жоқ. Қызметкерлер барлық нұсқаулық пен регламентке сай жұмыс істеді. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Келесі аптада әр ата-анаға жеке қайтарым кестесі беріледі. Алаңдаушылық танытып отырғандарыңызды түсінеміз…», - деп жазылған хабарламада.
Бақылаусыз жекеменшік білім беру орталықтары – алаяқтыққа жол ашатын қауіпті құбылыс. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, ҚХП өкілі Ирина Смирнова да пікір білдірді.
– Азаматтар білім беру курстарының жауапкершілігі туралы мәселе көтеріп отыр. Бұл проблема бұрыннан белгілі, әрі бүгінде өте өзекті. Біз, депутаттар, мұндай курстарға лицензия беру тәртібін енгізуді талап етіп отырмыз. Бірақ бұл келешектің еншісінде, - деді депутат.
Сонымен қатар Қазақстанда тағы бір өзекті мәселе туындап отыр. Ол – мектептегі міндетті білім берудің сапасы.
– Егер жалпыға бірдей білім беру жүйесі бар болса, неге оқушылар қосымша курстарға баруға мәжбүр? Кей балалардың 5 және одан да көп репетиторы бар. Бірақ олар осы пәндерді мектепте де оқиды ғой! Демек, мектепте қажетті білім берілмей отыр ма? Жағдайдың қиындығы сондай, олар ақшасын жоғалтып алу қаупіне қарамастан, студенттер сабақ беретін немесе арнайы білімі жоқ орталықтарға барады, - деді ол.
@halyk_partiyasy