Үгіт-насихат жұмысы жалғасуда

Қазақстан Халық партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының өкілдері алдағы ауылдық округ әкімдерінің сайлауы қарсаңында Ивановка ауылында (Аққайың ауданы) көшпелі үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Оған филиал төрағасы Болат Қожахметов және ауылдық округ әкіміне кандидат Нұрбек Елікбай қатысты.

Халықпен кездесу барысында Н. Елікбай өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

– Ауылдық округ әкімі – халық өкілі, – деп атап өтті кандидат. – Ол тұрғындардың мүддесін қорғау жауапкершілігін өз мойнына алатын ауыл өкілі, әріптес әрі жанашыр жан.

Н. Елікбай ҚХП нақты міндеттердің, тиімді іс-қимылдың және нәтижелі жұмыстың жақтаушысы екенін атап өтті. Сонымен қатар ол халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мен жабдықтау және кәріз желісін қайта құру мәселелерін шешуге басымдық беретінін баяндады.

Кандидат ауылдық округтің жолы мен инфрақұрылымын қалпына келтіріп, абаттандыру мен көгалдандыру ісін қолға алмақшы.

– Алғашқы медициналық көмек көрсететін фельдшерлік-медициналық пункт құруға және оның толыққанды жұмыс істеуіне қатысты нақты шара қабылдау қажет, – деп нақтылады Н. Елікбай. – Сондай-ақ аудандық және облыстық деңгейде жедел медициналық қызмет көрсету мен науқастарды шұғыл тасымалдау мәселелесін шешу керек.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy