Мәжіліс 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияға (Минск конвенциясы) өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Осы түзетулердің арқасында кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру жөніндегі сот бұйрықтары конвенцияға қатысушы мемлекеттердің аумағында тануға және мәжбүрлеп орындатуға жататын сот актілерінің тізбесіне енгізіледі.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, бұл кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен мүддесін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Хаттаманы ратификациялау мемлекетаралық қатынастарда сот бұйрықтарын орындау кезінде туындайтын құқықтық белгісіздікті жояды, – деді министр, – сондай-ақ баланың құқығын қорғауды қамтамасыз ету саласындағы халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың тиімділігін арттырады.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының соттары мұндай құжаттарды тану мен орындауды қалай жүзеге асыратынын нақтылап сұрады.
– Шешімдерді тексеру қалай жүргізіледі, тану шарттары қандай, бас тарту негіздері қандай және бұл рәсімдер қанша уақытты алады? – деп сұрады ол.
Әділет министрі бұл жағдайда алимент өндірудің заңнамалық тәртібі Азаматтық процестік кодексте көзделгенін түсіндірді.
– Балалардың пайдасына алимент өндіруге қатысты шетелдік соттардың шешімдері алдымен тану рәсімінен, кейін орындау рәсімінен өтуі тиіс, – деді ол. – Бұл рәсімге 15 жұмыс күні беріледі. Егер Кодексте көзделген бас тарту негіздері болмаса, сот тиісті ұйғарым шығарады және ол атқарушылық құжат ретінде сот орындаушысына жолданады. Өз кезегінде сот орындаушысы алименттік міндеттемелерді өндіру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті болады.
ҚР Сот әкімшілігі басшысының орынбасары Асылбек Мұсралинов қазіргі таңда мұндай сот бұйрықтарына ерекше көңіл бөлінетінін қосты.
– Бұрын шетелде тану құқықтық көмектің көлеміне кірмегендіктен, белгілі бір деңгейде қиындық туғызатын, – деді ол. – Біздің ойымызша,сот бұйрықтарын конвенцияға енгізу, балалардың мүддесін қорғаудағы маңызды қадам.
@halyk_partiyasy