Абырой мен қадір-қасиетті қорғау күшейтіледі

dep.jpg

Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутаттар жаңа Конституцияның жобасын зерделеп, пікір білдіруде.

Құжаттың Конституциялық комиссияның отырыстарында тікелей эфирде талқылануын бүкіл ел бақылап отыр. Жақында мәтіннің алдын ала нұсқасы БАҚ-та жарияланды.

ҚХП депутаты, Мәжілістің Қоғамдық палатасының өкілі Ирина Смирнова әрбір қазақстандықтың құқығы мен бостандығына және міндеттеріне қатысты нормаларды ерекше атап өтті. Жобада өмір сүру құқығы әр адамның абсолютті және ажырамас құқығы ретінде айқындалған.

– Жеке бас бостандығы құқығымен қатар жеке басқа қол сұғылмаушылық құқығына кепілдік беріледі, – деп нақтылады И.Смирнова. – Бұрын мұндай болмаған.

Жобада сот шешімінсіз адамды ұстауға жол бермеу, ал қамауда ұстау тек сот шешімімен және шағымдану құқығын беру арқылы ғана мүмкін болатыны ұсынылған. Осы жерде «Миранда ережесіне» ұқсас тұжырымдама бар, онда адамға ұсталған сәттен бастап оның құқықтары мен бостандығын шектеудің негіздері түсіндіріледі.

– Қолданыстағы Конституцияда адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтыны көрсетілген, – деп салыстырды депутат. – Жаңа Конституция жобасында қадір-қасиет пен абыройға қол сұғылмайды деп нақтыланған. Менімше, осы дұрысырақ.

Ұстаз әрі бұрынғы мектеп директоры ретінде Ирина Смирнова қазақстандық жастарға арналған жаңашылдыққа да тоқталды.

– Жаңа Конституцияның жобасында алғаш рет білім мен ғылым, мәдениет пен инновация Қазақстанның стратегиялық дамуының негізгі тірегі ретінде қарастырылды, – деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy