Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Ирина Смирнова ботаникалық бақтарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына қайта беру және оларды ғылыми орталықтар ретінде дамыту туралы ұсыныс білдірді. Ол бұл бастаманы ғылым мәселелері бойынша заңнамалық актілерге түзетулер енгізу туралы заң жобасын қарау барысында Мәжілістің пленарлық отырысында айтты.
Смирнованың айтуынша, Қазақстанда ботаникалық бақтар аз – бар болғаны алтау. Қазіргі уақытта олар Экология министрлігінің қарамағында.
– Біз ботаникалық бақтардың ғылыми-ағартушылық бағыттан гөрі саябақ аймақтарына, демалыс орындарына айналып бара жатқанын көріп отырмыз, – деді депутат. – Алайда ботаникалық бақтар, ең алдымен, ғылыми зертхана, ғылыми орталық және генетикалық материалды сақтайтын қор болуы тиіс. Осы заң аясында ботаникалық бақтарды қайтадан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына беру мәселесін қарастыратын уақыт келген жоқ па? Әйтпесе, үлкен еңбекпен жиналған генетикалық қорымыздан айырылып қалуымыз мүмкін.
Бұл бастаманы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, депутат Асхат Аймағамбетов қолдады. Оның пікірінше, дәл осындай қадамды Ауыл шаруашылығы министрлігіне (аграрлық бағыттағы), Экология министрлігіне және басқа да ведомстволарға қарасты жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына қатысты да қарастыру қажет.
– Егер нақты ұсыныстарыңыз болса, оларды жұмыс тобы аясында талқылап, Үкіметпен кеңесіп, ортақ шешім қабылдайық, – деп ұсынды депутат.
@halyk_partiyasy