
Жуырда Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы мақұлданды. Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету, инфляцияны тежеу, импортқа тәуелділікті азайту және азаматтардың табысын көбейту жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған.
Бағдарламаға сәйкес, Үкімет инфляцияны бақылауда ұстауды көздеп отыр. Бұл үшін ең алдымен Ұлттық қор қаражатын пайдалану шегеріледі және бюджет шығыстарының тәртібі күшейтілмек. Яғни бюджет қағидаларын бұлжытпай сақтау басымдыққа айналады.
Үкіметтің баға қалыптастыру мәселесіне кешенді түрде көңіл бөлу ниетін Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов құптайтынын білдірді.
– ҚХП баға және оның жиі негізсіз өсуі мәселесін шешу қажеттігін Үкіметтің назарına талай рет жеткізген болатын. Бұл түйткілдің шешілмеуі экономикалық реформаларды жүзеге асыруды айтарлықтай қиындатып отыр, - деді ол.
Депутаттың пікірінше, бағаны реттемей, экономикалық қатынастарды қалыпты жолға қою мүмкін емес.
– Халықтың еңбекақысы өсіп, зейнетақы мен жәрдемақы көбейгенін сезінбеуі жиілеп кетті. Үкіметтің соңғы қадамдары әлеуметтік-экономикалық жағдайды сауықтыруға бағытталған, - деді Магеррамов.
Сонымен қатар ол барлық оң өзгерістерге қарамастан, жалпы экономикалық жағдайдың түзелуі әзірге баяу жүріп жатқанын, әсіресе, бұл халықтың тұрмыс деңгейінен анық байқалатынын атап өтті.
@halyk_partiyasy