Қазақстан Халық партиясы 2025 жылы атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды шара өткізді. Партияның орталық аппаратында өткен жиынға ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев жетекшілік етті. Басқосуда партияның бір жыл ішінде атқарған жұмыстары жан-жақты талқыланды.
Жиынды ашқан Ермұхамет Ертісбаев 2025 жылды партия үшін айрықша маңызды әрі нәтижелі кезең деп атап, партияластарға белсенділігі мен азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді.

– Бүгінде Қазақстан Халық партиясы сенімді қарқынмен дамып келеді. Бұл – қарапайым белсенділерден бастап, басшылыққа дейінгі әрқайсыңыздың еңбегіңіздің нәтижесі. «Күш – әрқайсымызда!» деген қағидатымыз – жай ұран емес, күнделікті жұмысымыздың көрінісі, – деді партия төрағасы.
Партия төрағасының орынбасары, Мәжілістегі ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов депутаттардың заң шығару саласындағы қызметіне тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылы фракция депутаттары 55 депутаттық сауал жолдап, 26 фракция отырысын, 18 дөңгелек үстел мен 4 сараптамалық кездесу өткізген. Сонымен қатар 1187 заңнамалық түзету ұсынылып, 6 фракциялық заң жобасына бастамашы болған. Оның біреуі Мәжілісте қабылданып, Сенатқа жолданса, қалғандары сараптама және дайындық кезеңінде.
– Біз қоғамда резонанс тудыратын өзекті мәселелерді көтеруді жалғастырып келеміз. Үкімет деңгейінде бірқатар бастамаларымыз бен ұсынымдарымыздың қолдау тауып жатқаны – жұмысымыздың нақты нәтижесі, – деді Магеррамов.

Партияның жалпы жетістіктері туралы Ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрдәулет Оразханов баяндады. Былтыр партия мүшелері 2126 іс-шара өткізіп, 2 миллионнан астам азаматты қамтыған. Оның 94-і республикалық, 2032-сі өңірлік деңгейде ұйымдастырылған. Сондай-ақ партиялық құрылымдар күшейтіліп, 7 ауылдық деңгейдегі партия әкімі, түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 4 депутат, Қоғамдық кеңестерге 57 өкіл сайланған. Өңірлерде 275 адамнан тұратын кадрлық резерв қалыптастырылған.
«Күш – әрқайсымызда!» атты өңірлік форумдар сериясы елдің жеті қаласында өтіп, 2 мыңнан астам адамды тікелей қамтыса, медиаформатта миллионға жуық аудиторияға жеткен.
– Біздің жетістігіміз – халық сенімінің артуымен өлшенеді. Сол сенімді ақтау – басты мақсатымыз, – деді Оразханов.
Партия жүзеге асырған «Халық үні», «Мәдени мұра», «Партиялық серпін» жобалары туралы партия төрағасының орынбасары Анар Дүкенбаева баяндады. Бұл жобалар аясында баға саясаты, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау, тұрмыстық және қоғамдық қауіпсіздік, экология, моноқалаларды дамыту, су мәселесі, заңсыз құрылыс пен интернет-алаяқтық секілді қоғамды алаңдатқан тақырыптар көтерілген.
– Біз партияның сөз жүзінде емес, нақты нәтижеге жұмыс істейтінін дәлелдедік, – деп түйіндеді ол.
Партияның медиа бағыты бойынша төраға кеңесшісі Жандос Құрманбаев та есеп берді. Қазіргі таңда партияның ақпараттық ресурстарына жазылғандар саны 850 мыңға жетсе, 2,5 миллионнан астам адам тұрақты көрерменге айналған. Контентке 7 миллионнан аса оң реакция берілген.

– Біз барлық медиа алаңдарда негізгі партиялық ұстанымдар мен мемлекеттік нарративтерді жүйелі түрде жеткіздік. Контентімізді Қазақстанмен қатар Ресей, Қырғызстан, Германия секілді елдердегі аудитория да тамашалайды, – деді Құрманбаев.
Ал партияның жастар қанаты – «Jas Orta» ұйымының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар 2025 жылы 316 түрлі іс-шара ұйымдастырылғанын айтты. Олар патриоттық тәрбие, ұлттық құндылықтар, экология, білім, салауатты өмір салты, волонтерлік пен қайырымдылық бағыттарын қамтыған.
– Қуатты жастар қозғалысын қалыптастыру – біздің басты мақсатымыз, – деді ол.
Жиынды қорытындылаған Ермұхамет Ертісбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған парламенттік реформаларға тоқталып, алдағы саяси өзгерістерге назар аударды.

– Қазақстан жаңа, кәсіби әрі жауапты Парламент қалыптастыру кезеңіне аяқ басты. Бұл процесте Қазақстан Халық партиясының өз орнын алуына толық мүмкіндігі бар, – деп түйіндеді партия төрағасы.
@halyk_partiyasy