
Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының мүшесі, Президент жанындағы әлеуметтік жағынан осал топтардың құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан тағы да цифрлық инклюзия мәселесін көтерді.
Палатаның жалпы отырысында депутат бүгін цифрлық сервистер мемлекеттік те, әлеуметтік те маңызы бар қызметтерге қол жеткізудің негізгі арнасына айналғанын атап өтті. Алайда бұл сервистердің барлық азамат үшін бірдей қолжетімді болуы әлі де өзекті мәселе болып тұр.
– Қазақстанда шамамен 750 мың мүгедек адам бар. Олар үшін цифрлық ресурстардың қолжетімділігі – жай ғана ыңғайлылық емес, Конституцияда бекітілген құқықтарын жүзеге асырудың басты шарты. Мемлекеттік қызметтер, білім алу, жұмысқа орналасу, қоғамдық өмірге қатысу – бәрі соған байланысты, – деді Сейтжан.
Депутаттың айтуынша, көптеген мемлекеттік және коммерциялық ұйымдар әлі күнге дейін цифрлық қолжетімділікті қамтамасыз етуге жеткілікті көңіл бөлмей отыр. Соның салдарынан мүгедектігі бар азаматтар банк қосымшаларын, жұмыс іздеу платформаларын, онлайн-білім беру жүйелерін, медициналық цифрлық сервистерді және басқа да маңызды қызметтерді толық пайдалана алмайды.
– Бұл жағдай елдегі цифрландыру саясатының тиімділігін төмендетіп, Қазақстанның Мүгедектер құқықтары туралы конвенция бойынша алған халықаралық міндеттемелерін орындауға қауіп төндіреді, – деді депутат.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, сервистерді жобалау кезеңінен бастап цифрлық қолжетімділік стандарттарын енгізу мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, жалпы пайдаланушы тәжірибесін жақсартады.
– Мүгедектігі бар адамдарды цифрлық өнімдерді тестілеу мен бағалау процесіне тарту жаңа кәсіби бағыттардың дамуына жол ашады. Бұл – QA-инженерлер, тестілеушілер, UX сарапшылары сияқты мамандықтардың қолжетімді болуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жұмыспен қамтуды арттыру және мүгедектігі бар азаматтарға жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі ұлттық мақсаттармен үндеседі, - деді Сейтжан.
Депутат «Digital Kazakhstan» бірыңғай бағдарламасын әзірлеп, іске асыру барысында цифрлық инклюзивтілік қағидаттарын міндетті түрде енгізуді талап етті. Сонымен бірге цифрландыру саласын реттейтін барлық құжаттарға цифрлық қолжетімділік талаптарын нақты бекіту және цифрлық инклюзияны енгізудің үш жылдық жол картасын әзірлеуді ұсынды.
– Жол картасы тек мемлекеттік органдарға ғана емес, квазимемлекеттік секторға және халық үшін әлеуметтік маңызы бар қызмет көрсететін ірі коммерциялық цифрлық платформаларға да ортақ болуы тиіс, – деп нақтылады Сейтжан.
Сондай-ақ ҚХП фракциясы мүгедектігі бар адамдар үшін цифрлық технологиялардың қолжетімділігіне жауапты арнайы бөлімше құруды, ұлттық цифрлық қолжетімділік стандартын барлық мемлекеттік сервистерге міндетті норма ретінде бекітуді, мемлекеттік сатып алуда осы талаптарды міндеттеу және қабылдау алдында өнімдерді қолжетімділік тұрғысынан тестілеуді енгізуді ұсынды. Фракцияның пікірінше, тұрақты аудит жүргізіп, оған мүгедектігі бар пайдаланушыларды да қатыстыру қажет. Сонымен бірге цифрлық кедергілерді жоюға арнайы қаржы бөлініп, жұмыстардың орындалу мерзімі нақты көрсетілуі тиіс.
@halyk_partiyasy