Қазақстан сумен жабдықтау және су бұрудың тозған инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ су ағудың алдын алатын онлайн-бақылау жүйесін енгізуге мұқтаж. Бұл мемлекеттік саясаттың басты басымдығының біріне айналуы тиіс. Мұндай пікірді Қазақстан Халық партиясының депутаты, Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің өкілі Кенжеғұл Сейтжан білдірді.
Соңғы жылдары су ресурстарын ұтымды пайдалану және суды үнемдеу мәселесі мемлекеттік деңгейде бірнеше рет көтерілді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су еліміздің стратегиялық маңызды ресурстарының біріне айналып келе жатқанын бірнеше рет атап өтті.
– Бүгінде мемлекет тұрғындар мен бизнеске суды үнемдеуді орынды түрде талап етіп отыр, – деді К.Сейтжан. – Алайда бұл жерде заңды сұрақ туындайды: сумен жабдықтау жүйесінің өзі жеткізіп отырған ресурсты қаншалықты тиімді басқарып отыр?
Бұл мәселе әлдеқайда күрделі. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы су құбырлары инфрақұрылымының басым бөлігі ондаған жылдар бұрын салынған немесе Кеңес Одағынан мұра болып қалған. Көптеген құбырлар тозған, олардың өзекті техникалық құжаттамасы мен толыққанды цифрлық есебі жоқ. Әсіресе, қалаларда жерасты коммуникацияларының толық цифрлық картасының болмауы және судың ағуын онлайн бақылау жүйелерінің тек ішінара енгізілуі алаңдаушылық туғызады.
– Жыл сайын миллиондаған текше метр су коммуналдық желілердегі апаттар мен технологиялық шығындардың салдарынан ағып кетеді, – деп атап өтті мәжілісмен. – Осыдан парадоксалды жағдай қалыптасып отыр: азаматтар мен кәсіпкерлер есептегіш құрал орнатып, суды үнемдеп жатқанда, мемлекеттің тозған әрі цифрландырылмаған желілерінде судың айтарлықтай көлемі жоғалуда.
ҚХП парламенттік фракциясы барлық су құбырлары мен кәріз желілеріне ұлттық түгендеу жүргізуді, Қазақстанның жерасты коммуникацияларының бірыңғай цифрлық картасын жасауды, су шығындарын онлайн-бақылау жүйесін енгізуді, су жоғалтуды азайтуға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді, сондай-ақ су шығындарының деңгейі мен инженерлік желілерді жаңғырту бойынша әкімдіктердің жария есебін қамтамасыз етуді ұсынды.
– Су инфрақұрылымын тиімді басқару мемлекеттік саясаттың нақты басымдығына айналуы тиіс! – деп түйіндеді К. Сейтжан. – Су үнемдеу тек азаматтың асүйінен ғана емес, мемлекеттің құбырынан басталуы керек!
@halyk_partiyasy