Шекарасыз дәрігерлер!

dep.jpg

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен – ҚР Қаржы министрлігіне беріледі. Бұл өткен жылдың соңында тағайындалған бюджеттік тәртіпті күшейту жөніндегі тексерістің нәтижесі. Сол кезде премьер-министр Олжас Бектенов бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын түсіну үшін Қаржы министрлігіне ӘМСҚ қызметін талдауды тапсырған еді.

Нәтиже шынымен де таңғаларлық болды. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, қор арқылы шығыстар 1 триллионға өскеніне қарамастан, жүйенің тиімділігі мүлде жақсармаған. Сонымен қатар тексеру барысында ауқымды әрі жүйелі бұрмалаушылық анықталған. Атап айтқанда, жалған пациенттер (тіркелгендер 1 мың адам болғанымен, іс жүзінде шамамен 500 адам ғана жүгінеді, алайда төлем барлығына жасалады), шындыққа жанаспайтын диагноздар (науқастардың жынысына байланысты мүмкін емес қызметтердің көрсетілуі), МӘМС қаражаты және жұмыс берушілердің ерікті медициналық сақтандыруы есебінен бір қызметтің екі рет қаржыландырылуы, өте қысқа мерзімде медициналық қызметтің шамадан тыс көп көрсетілуі, медициналық көмектің қайтыс болған азаматтарға берілуі және басқа да заң бұзушылықтар.

Қаржы министрі нақты сандарды алға тартып, олардың сұрақ туғызатынын және ақылға қонымсыз екенін айтты. Астанадағы клиникалардың бірінде бір дәрігер бір күнде 1442 пациент қабылдаған. Дәл осы клиникада тағы бір дәрігер бір айда 4 832 науқасқа қызмет көрсеткен. Келесі жағдайда бір маманның бір айда 1 713 адамды емдегені, кей күндері тәулігіне 300-400 тексеру жүргізгені тіркелген. Қайтыс болған пациенттерге қатысты да заң бұзушылық әшкереленді. Өмірден озған 996 азаматқа 3 640 медициналық қызмет көрсетілгені анықталды, оның ішінде 2023 жылы қайтыс болған пациенттің 2025 жылғы қабылдауға жазылу фактісі бар.

Скринингтік бағдарламаларды талдау кезінде де фантастикалық деректер анықталды. Науқастың жынысына сәйкес келмейтін 769 446 скрининг тіркеліп, құны 1,8 млрд теңгені құраған. Атап айтқанда, 768 827 ер адам жатыр мойны обырына скрининг жасатса, 619 ер адам маммографияға жолданған. Дәрілік заттарды есептен шығару кезінде, әсіресе балаларға қатысты, өрескел заң бұзушылық анықталған. Балаларға жүйелі түрде дәрі жазып берудің 68 717 жағдайы тіркелген.

Клиника басшылары сән-салтанатты активтерге иелік еткен. 2024-2025 жылдары 1 465 басшы 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік, ал 912 адам 1 416 автокөлік сатып алған.

Талдау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов барлық анықталған материалдарды процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырды. Сондай-ақ барлық қаржылық ағынды бақылау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарауына беруді, денсаулық сақтау жүйесінің бизнес-процестерін Қаржы министрлігінің жүйесі негізінде толық цифрландыруды қамтамасыз етуді және ӘМСҚ активтерін орналастырудың инвестициялық стратегиясын қайта қарау мен инвестициялық табыс алу арқылы негізсіз қаржыландыруды тоқтатуды тапсырды.

– Үкімет бұл шаралардың мақсаты медицинаны қаржыландыруды қысқарту емес, тәртіп орнату, ашықтықты арттыру және мемлекеттік қаражаттың азаматтардың денсаулығына нақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету екенін атап көрсетеді, – деп түйіндеді премьер.

Алайда халық қалаулыларының көкейінде сұрақ бар. Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бірқатар сұрақты алға тартты.

– Медициналық ұйымдардағы заң бұзушылықты неге тек Қаржы министрлігі ғана анықтады? – деп сұрады ол. – Бюджет қаражатының заңды жұмсалуын қадағалауға міндетті басқа қызметтер қайда?

Мәжілісмен білім беру жүйесінде де, тек жекеменшік емес, мемлекеттік секторда да осындай тексеру жүргізілетінінен үміттенетінін жеткізді. И.Смирнованың пікірінше, ол жақтан да көптеген қызықты жайттар анықталуы мүмкін.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy