Жаңа Конституция «Әділетті Қазақстан» қалыптастыруда маңызды рөл атқарады

Халыққа жаңа Конституция жобасын түсіндіру – қоғамдық институттардың алдына қойылған маңызды міндет. Қазақстан Халық партиясы ақпараттық-түсіндіру жұмысын белсенді жүргізіп жатыр. Өңірлердегі кездесулерде партия өкілдері ел азаматтарына Ата заңға енгізілетін жаңа нормалардың мәнін түсіндіруде.

Қазақстан Халық партиясының белсенділері «Павлодарэнерго» АҚ еңбек ұжымымен тақырыптық кездесу өткізді. Іс-шараға 70 адам қатысты. Ашық диалог форматы жалпыұлттық референдум алдында тиімді қарым-қатынас құралына айналды. Талқылауға «Павлодарэнерго» АҚ құрылымына кіретін ЖЭО-2, ЖЭО-3 және «Павлодар Электржелілік Тарату Компаниясы» АҚ сынды үш кәсіпорынның өкілдері қатысты.

1

Кәсіпорын атынан талқылауға «Павлодарэнерго» АҚ бас директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Игорь Жур келді. Ол мұндай кездесулердің еңбек ұжымдары мен ел үшін маңызды екенін атап өтті.

2

– Бүгінгі кездесу 2026 жылдың ең басты электоралды кампаниясы – ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу жөніндегі референдум алдында өтті, – деді Игорь Жур. – Бұл біздің Қазақстан Халық партиясымен алғашқы кездесуіміз емес. Болашақта партия өкілдері біздің еңбек ұжымымызбен қарым-қатынасын нығайтатынына сенімдіміз.

ҚХП Павлодар облыстық филиалы төрағасының м.а. Әлімбек Ағыбаев партия жаңа Конституцияның жобасын қолдайтынын және бұл құжат Президенттің саяси реформасын жүзеге асыру мен «Әділетті Қазақстан» қалыптастыруда маңызды рөл атқарады деп санайтынын жеткізді.

– Құжат негізгі институционалдық өзгерістерді бекітіп, мемлекеттік басқарудың жаңа моделі мен билік тармақтарының теңгеріміне құқықтық негіз қалыптастырады, – деді ол.

ҚХП Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Александр Пысин парламенттегі өзгерістер мен өкілдік құрылымдардың рөлін күшейту туралы пікір білдірді.

3

– Бір палаталы Құрылтайға көшу заң шығару үдерісіндегі бюрократиялық қайталауды жояды және депутаттардың сайлаушылар алдындағы жеке жауапкершілігін күшейтеді, – деді ол. – Бұл ҚХП тұрақты түрде қолдап келе жатқан «Ықпалды Парламент» қағидатына сай келеді.

Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен кепілдіктерін кеңейтуге, адам капиталы мен қоғамдық қатысу институттарын дамытуға, сондай-ақ мемлекет пен қоғамның өзара әрекеттесуінің тұрақты жүйесін қалыптастыруға ықпал ететіні түсіндірілді.

ҚХП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының өкілдері «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС ұжымымен кездесу ұйымдастырды. Іс-шара кәсіпорын жұмыскерлерін ҚР Ата заңындағы негізгі өзгерістер туралы ақпараттандыруға бағытталды. Бұл өзгерістер Қазақстан халқының заманауи құндылықтары мен қағидаларын көрсетеді. Сонымен қатар мемлекетті адамға бағдарландырып, саяси институттардың тиімділігін арттырады.

4

5

– Жаңа Конституцияның алғы сөзінде алғаш рет адамның құқығы мен бостандығы мемлекеттің негізгі басымдығы деп жарияланған, – деп түсіндірді партия өкілдері. – Құжатта мемлекеттіліктің негізі бірлік пен ынтымақтастықта, этникалық және діни келісімде екені жазылған. Ал тәуелсіздік, егемендік, унитарлық құрылым және аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылық болып бекітілген.

ҚХП Ақмола облыстық филиалының бастамасымен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы дөңгелек үстел өтті. Талқылауға белсенділер, депутаттар, жергілікті атқарушы органдар және БАҚ өкілдері қатысты.

6

7


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy