
ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жаңа Конституция жобасын қабылдау жөніндегі республикалық референдумға арналған дауыс беру бюллетенінің нысаны мен мәтінін жариялады. Мұндағы басты жаңашылдық – ҚР ОСК Брайль қарпін қолдана отырып, бюллетеньді өз бетінше толтыруға арналған арнайы трафарет әзірледі.
Трафареттің форматы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету бойынша ОСК жанындағы жұмыс тобының келісімімен дайындалды.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау идеясын толық қолдайтынын білдірді.
– Бұл тек формальді талаптарды орындау емес, нақты жағдай жасау: сайлау учаскелеріндегі қолжетімді орта, түсінікті навигация, қажет болған жағдайда қолдау көрсету, – деп атап өтті депутат. – Біздің мақсатымыз – сайлау үдерісін әрбір адам үшін барынша ыңғайлы әрі қолайлы ету. Референдумға қатысу сынақ емес, қолжетімді және қалыпты жағдай болуы керек.
@halyk_partiyasy