Халық таңдауы

dep.jpg

t.me/aqorda_resmi

Exit poll дерегіне сәйкес, жалпыұлттық референдумда қазақстандық сайлаушылардың 87%-дан астамы жаңа Конституция жобасын және реформаларды жалғастыруды қолдап дауыс берді. Ал Орталық сайлау комиссиясы жариялаған алдын ала мәлімет бойынша бұл көрсеткіш 87,15%-ды құрады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев нәтижемен танысқаннан кейін арнайы мәлімдеме жасады. Президент отандастарын құттықтап, оларға белсенді азаматтық әрі саяси ұстанымы үшін алғыс білдірді.

– Біздің халқымыз дауыс беру барысында Қазақстанның болашақ тарихы мен тағдырын айқындап берді, – деді Мемлекет басшысы «Қазмедиа орталығында» сөйлеген сөзінде. – Сіздердің ерік-жігерлеріңіз әлем шежіресінде мәңгі сақталады. Өйткені ол азаматтарымызға тән шынайы патриотизмнің айқын символына айналды. Біз 15 наурызды жыл сайын басты мерекелердің бірі –Конституция күні ретінде атап өтеміз. Отандастарымыз елді жаңарту мен жаңғыртуға дауыс берді. Бұл – бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!

Президент жалпыұлттық референдумның ең жоғары деңгейде, ашық әрі әділ өткенін атап өтті. Бұл пікірмен отандық, шетелдік бақылаушылар бірауыздан келісті.

– Азаматтардың ерік білдіруінің қорытынды нәтижесін заңға сәйкес ресми түрде Орталық сайлау комиссиясы шығарады, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. – Алайда қазірдің өзінде Қазақстан азаматтары ел тағдыры үшін бірліктің, ынтымақтың, патриотизмнің және ортақ жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеткенін атап көрсетуге болады.

Еліміздің премьер-министрі Олжас Бектенов те барлық қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады.

– Біз сіздермен бірге ауқымы мен маңызы тарихи саналатын оқиғаның тікелей қатысушылары болдық, – деп атап өтті Үкімет басшысы. – Әділетті және прогрессивті Қазақстанның жаңа тарихы біздің дәстүріміз бен мәдениетімізге құрмет көрсете отырып, демократиялық құндылыққа негізделген. Біз жүргізіліп жатқан реформалардың сапасы мен қарқынын қамтамасыз ете отырып, алға қойылған мақсаттарға бірге қол жеткізетінімізге сенеміз.

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов жаңа Конституция жобасын шын мәнінде халықтық деп атап, оны қазақстандықтардың қолдауын заңдылық деп атады.

– Жаңа Конституция жобасын дайындау мен талқылаудың ауқымды үдерісі бізге құжаттың бірлескен авторы халық деп айтуға толық мүмкіндік береді, – деп атап өтті мәжілісмен. – Сондықтан жаңа Конституция – бұл Халықтық Конституция, ал Конституциялық реформа мен өткен референдум биліктің қайнар көзі халық екенінің айғағы.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy