Қазақстанда білім беру үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолданудың әдістемелік тәсілдері айқындалды. Талаптар мен шектеулер Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы дайындаған әдістемелік ұсынымда бекітілген.
Құжаттың негізгі қағидасы – жасанды интеллект мұғалімді алмастыра алмайды. Ол сабаққа дайындалу, оқу материалдарын бейімдеу және сараптамалық жұмыс жүргізу үшін көмекші құрал ретінде қарастырылады. Сонымен қатар оқушылардың білімін бағалау, оқу мазмұнын таңдау және соңғы шешімдерді қабылдау тек педагогтің жауапкершілігінде болады.
– Оқу нәтижелерін бағалауды толық автоматтандыруға жол берілмейді, – деп көрсетілген ұсынымдарда. – Жасанды интеллект көмегімен дайындалған кез келген материалды мұғалім міндетті түрде тексеруі тиіс.
Сондай-ақ академиялық адалдық қағидаларын сақтау қажеттілігі ерекше атап өтіледі.
– Оқушылар жасанды интеллект көмегімен орындалған жұмыстарды өз еңбегі ретінде ұсына алмайды, – деп нақтыланған құжатта. – Қажет болған жағдайда педагог тапсырманы қайта орындауды ұсынуға құқылы.
Ал бұл өз кезегінде елеулі мәселеге айналуы мүмкін. Қазіргі таңда мектеп оқушылары тапсырмаларды жасанды интеллекттің көмегімен орындап, іс жүзінде дайын жауаптарды көшіріп алатын жағдай жиілеп кетті. Осыған байланысты Шымкент қаласының кейбір мектептерінде сабақ уақытында смартфондарды пайдалануға шектеу қойылған.
– Бұл шешімді толықтай орынды деп санаймын, – деді Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов. – Кез келген прогрестің кері жағы да болады.
Бұған дейін 2024 жылы мәжілісмен депутаттық сауал жолдап, осы мәселені көтеріп, білім беру ұйымдарында генеративті жасанды интеллектіні пайдалануды заңға тәуелді актілер деңгейінде реттеуді ұсынған болатын.
– Бүгін біз бұл мәселенің шынымен де өзекті болғанын көріп отырмыз, ал қабылданып жатқан шаралар көтерілген бастаманың уақытылы болғанын дәлелдейді, – деп атап өтті М. Магеррамов.
Сонымен қатар фракция жетекшісі жасанды интеллекттің дамуы қажет екенін және жастар оны қолдануды үйренуі тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, бұл технология білім беру процесін айтарлықтай жеңілдетіп, оқушылар мен мұғалімдер үшін пайдалы құралға айнала алады.
– Алайда технологиялардың ойлау қабілетін алмастыруына жол бермеу маңызды, – деп атап өтті мәжілісмен. – Егер балалар тек дайын жауаптарды көшіріп алумен шектелсе, бұл сөзсіз білім деңгейіне, сондай-ақ өз бетінше ойлау және шешім қабылдау қабілетіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан негізгі міндет – жасанды және табиғи интеллект мүмкіндіктерінің арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтау.
@halyk_partiyasy