Қазақстан Халық партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының өкілдері мемлекеттік наградаларға ие болды. Филиал төрағасы Ерғали Жұмағұлов пен жергілікті Әйелдер қанатының жетекшісі Гүлбахша Мұсабаева «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат азаматтарға еңбектегі жетістіктері, жоғары көрсеткіштері және экономиканың түрлі салалары мен әлеуметтік бағыттың дамуына қосқан үлесі үшін табысталады.
Ерғали Жұмағұлов – жан-жақты білімді, бес жоғары білімі бар азамат. Белсенді қоғам қайраткері, Мұнай өнімдері нарығындағы бәсекелестік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің, «Атамекен» ҰКП Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің өкілі және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі. Ол бірнеше рет республикалық және халықаралық алаңдарда (соның ішінде «ASAR» үшжақты ынтымақтастықтың II республикалық форумында) спикер ретінде сөз сөйлеп, «Zhas Project» және «Менің Арманым» секілді жастар бағдарламаларында бизнес-ментор болды. Солтүстік Қазақстан облысындағы партия жетекшісі ретінде Ерғали Жұмағұлов халықтың өзекті мәселелерін жүйелі, сауатты, жауапкершілікпен шешіп келеді.
Гүлбахша Мұсабаева да өңірге жақсы танымал тұлға. Ол партия филиалының Әйелдер қанатын басқарумен қатар, «Urpaq» қазақ мәдени-ағартушылық орталығын табысты басқарып, Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық құрамында қызмет атқарады.
Қазақстан Халық партиясының ұжымы әріптестерін шын жүректен марапаттарымен құттықтайды.
– Бұл – кәсібилікке, жауапкершілікке және қоғам мен партия дамуына қосқан үлеске берілген жоғары баға, – деп атап өтті партия өкілдері. – Адал еңбек, іске деген берілгендік пен адамдарға қызмет ету жоғары деңгейде лайықты бағаланғаны орынды.
@halyk_partiyasy