Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!

Еліміздің саяси партиялары мен қоғамдық бірлестіктері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты бірыңғай Жалпыұлттық коалиция құрды. Оларды Конституциялық реформаны өмірге енгізу мақсаты біріктіреді.

Отырыста 12 ақпанда ресми жобасы жарияланған жаңа Конституция жаңарған мемлекеттің және жаңғыртылған қоғамның заңнамалық іргетасына айналуы тиіс екені атап өтілді. Қазақстанның даму жолы билік тармақтары арасындағы өкілеттікті қайта бөлу, басқару жүйесін трансформациялау және азаматтардың ел тағдырына белсенді қатысуы арқылы айқындалуда.

1

Коалиция құрамына бес жетекші саяси партияның өкілдері мен 300-ден астам қоғамдық ұйым енді. Бірлестікті Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов басқарады. Ол өз сөзінде Конституция жобасы халықпен бірлесіп жазылғанын еске салды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция еліміздің дамуына ерекше серпін беретінін атап өтті. Отырыс барысында партия жетекшілері, қоғамдық пікір көшбасшылары және Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының басшылары сөз сөйледі.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов жобаға енгізілген өзгерістердің әлеуметтік бағытына ерекше тоқталды.

2

– Бұл құжатта адам және адам капиталы мемлекеттің басты басымдығына айналады, ал оларды қорғау мен дамыту – Ата заңның өзегіне болады, – деді мәжілісмен. – Бұл әлеуметтік саясат берік құқықтық негізде жалғасатынын, әрбір азаматқа лайықты өмір мен даму мүмкіндігін беру заңнамамен бекітілетінін білдіреді.

Қазақстан Халық партиясы басымдық берген бағыттар жаңа Конституцияда көрініс тапқан идеологиялық қағидаттар мен құндылықтарға толық сәйкес келеді.

– Құжатта әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғаудың, заң алдындағы теңдіктің, білім алу құқығының, денсаулықты қорғаудың, әлеуметтік қолдау мен лайықты өмір сүру деңгейінің негізгі қағидаттарын бекіту ерекше маңызға ие, – деп түсіндірді М. Магеррамов. – Яғни, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен отбасының берекесін құрайтын басты құндылықтар қамтылған.

Депутат еңбек ету құқығын конституциялық тұрғыда бекіту бастамасын маңызды деп атады. Құжатта еңбек ең жоғары әлеуметтік құндылық ретінде айқындалып, қызметкерлерді қорғау мемлекеттің кепілдендірілген міндеті болып белгіленген.

3

– Бұл өнеркәсіп, инфрақұрылым және өндіріс салаларындағы мемлекеттік саясат еңбек адамының мүддесіне негізделетінін білдіреді, – деді М. Магеррамов.

Ата заң жобасында дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға да ерекше көңіл бөлінген. Конституция некені ер мен әйелдің мемлекетте ресми тіркелген ерікті және тең құқықты одағы ретінде бекітеді.

– Бұл маңызды! Біз ресми некесіз бірге тұратын жағдайларды білеміз, соның салдарынан ең алдымен қорғалуға тиіс жандар – балалар мен әйелдер зардап шегеді, – деп атап өтті мәжілісмен. – Некені мемлекеттік тіркеу отбасыға нақты қорған болады, әркімнің құқығын сақтайды және балалардың сенімді болашағын қамтамасыз етеді.

Жаңа Конституцияда білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипаты әлеуметтік әділеттіліктің негізгі нормасы ретінде бекітілген.

– Бұл барлық балалар мен азаматтардың шыққан тегі мен сеніміне қарамастан тең мүмкіндікке ие болуын қамтамасыз етеді, ал қоғамда үйлесім мен келісім сақталады, – деп түйіндеді М. Магеррамов.

Жақын уақытта Коалиция мүшелері өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмысын бастайды. Олар еңбек ұжымдарымен, салалық бірлестіктермен, сарапшылармен, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізеді.

Бұл жұмыстың мақсаты – Қазақстанның әрбір азаматына жаңа Конституция туралы нақты түсінік беру, осылайша 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумда дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік беру.

– Ел болашағы шешілетін осындай тарихи кезеңде Қазақстан Халық партиясы оқиғалардың бел ортасында болып, тағдырлы үдеріске белсенді қатысады, – деп сендірді Магеррам Магеррамов. – Бірлескен күш-жігерімізбен жаңа Конституцияның әлеуетін мемлекетіміздің өркендеуі жолында жүзеге асырамыз деп сенемін!


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy