Қазақстан Халық партиясы «Конституциялық реформаны жүзеге асырудағы саяси партиялардың рөлі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Оған сарапшылар мен белсенділер, сондай-ақ «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының құрамына кіретін саяси күштердің өкілдері қатысты.
Іс-шараның модераторы, ҚХП Орталық аппараты Ұйымдастыру бөлімі басшысының орынбасары Анар Дүкенбаева атап өткендей, жетекші саяси партиялар әрдайым реформалардың алдыңғы шебінде топтасады. Мысалы, АЭС құрылысы бойынша референдумға дайындық кезінде де осындай бірлік танытқан.

– Қазір біз Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар мәселені шешу жолында қайтадан біртұтас жалпыұлттық коалицияға біріктік, – деп атап өтті А. Дүкенбаева. – Бүгінде прогрессивті күштердің бірігуі бұрынғыдан да өзекті.


ҚХП сарапшысы Сұлтанбек Құдайбайдың айтуынша, әдетте сайлау кезеңінде партиялар бір-бірімен қатаң бәсекеге түседі. Алайда қазіргі коалицияның әрекеті мемлекеттік дамудың іргетасына айналуы тиіс жаңа басқару институттарын қалыптастыруға бағытталған саяси қарым-қатынастың жарқын үлгісін көрсетеді.

«Ақ жол» партиясының өкілі Абзал Әбенов өз партиясының конституциялық реформаларды жүзеге асырудағы рөлі туралы сөз қозғап, түрлі партия өкілдері тек Парламент құрамында ғана емес, сонымен қатар Үкіметте, министрліктер мен ведомстволарда да қызмет атқаруы тиіс екенін атап өтті.

«Respublica» партиясының белсендісі Шыңғыс Түсіпбаев өз партиясының мемлекет пен қоғам арасындағы қызметі туралы баяндады. Конституциялық реформалардың негізгі бағыттарын «Amanat» партиясының өкілі Талғат Тілес таныстырды. Жиынға «Ауыл» партиясынан қатысқан Дияс Бекмұрат алдағы конституциялық реформаны Қазақстанның орнықты дамуының негізі деп атады.

Бұдан кейін дөңгелек үстелге қатысушылар пікірталасқа көшті. Талқылау барысында ұсынылып отырған реформаға енжарлық пен саяси белсенділіктің төмендігі кедергі келтіретіні айтылды. Сондықтан тарихи үдеріске қоғамды тарту барысында партиялар белсенділік танытуы тиіс деген байлам жасалды.

– Сайлаушылардың немқұрайлығымен күресу де партиялық қызметтің аса маңызды бағыты, – деп түйіндеді белсенділер.

@halyk_partiyasy